Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел әнші Нұрлан Абдуллинді ұлына алимент төлемей жүр деп айыптады

Нұрлан Аббудллин мен Ақмарал Баққараева
Фото: instagram.com/maral_bakkara

Желіде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Нұрлан Абдуллиннің азаматтық некедегі экс-жары Ақмарал Баққараева өнер иесін алимент бойынша берешегі бар деп айыптап, табысын жасырып жүр деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақмарал Баққараева Threads желісінде жазба жариялады. Әйелдің сөзінше, Нұрлан Абдуллин бірнеше жылдан бері ұлына алиментті толық төлемей келеді. Ол жазбасында әншіден үш жылдық берешекті жабуды талап еткен.

Нұрлан Мұханұлы Абдуллин, ұлыңыздың алдындағы үш жылдық алимент қарызын жабыңыз! Сіз онсыз да ұлыңызды 30 миллион теңгеге алдадыңыз. Сіз мені емес, өз туған балаларыңызды алдадыңыз! Қайырымдылық қорына 96 миллион теңге қиюға болады, ал туған ұлыңызға 25 мың теңге алимент жеткілікті ме? Бала сүю үшін алдымен өз балаларыңызға жауапкершілікпен қарау керек. Туған балаларыңызды қамтамасыз ете алмай жүрсіз! Сізге медальдарды қалай берген? “Парасат” орденін не үшін алдыңыз? Туған балаларыңызды тастап кеткеніңіз үшін бе? Ұлыңыздың алдындағы қарызыңызды жабыңыз, ұялмайсыз ба?” – деп жазды ол.

Нұрлан Абдулллин

Тағы бір жазбасында әйел әншінің сегіз жастағы ұлымен соттасып жүргенін айтып, мұндай жағдай балаға ауыр тиіп жатқанын жеткізген.

“Сіз 62 жастасыз. Сегіз жастағы ұлыңызбен соттасып жүрсіз. Ол әкесінің неге бұлай істеп жатқанын түсінбейді”, – делінген жазбада.

Сондай-ақ автор Нұрлан Абдуллин табысын жасырып отыр деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл мәселені салық органдары тексеруі керек.

Бұдан бөлек, әйел әншінің өзіне қоқан-лоқы көрсеткенін де алға тартқан еді. Алайда бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми растау жоқ.

Жазба авторы алимент көлеміне де наразылық білдірген. Оның сөзінше, әнші концерттерден қомақты табыс табады, шетелде демалады, бірақ ұлына лайықты алимент төлеуге құлықсыз.

“Өзі 3-4 миллион теңге табады, шетелде демалады, ал туған ұлына 25 мың теңге алимент төлейді. Сотта 40 мың теңге азық-түлікке жетеді деп жазған. Біз Астанада тұрамыз. Қазіргі бағада ол ақша неге жетеді?” – дейді әйел.

Жазбаның астында желі қолданушылары түрлі пікір қалдырған. Бірі әйелді қолдап, әншіні ұлының алдындағы міндетін орындауға шақырса, енді бірі бұл мәселені көпшілік алдында талқыламауға кеңес берген.

“Сөз жоқ, ұят-ай. Қасықтап жинаған абыройыңыз бір сәтте төгілді. Балаңызға обал”, “Жауапкершілігі жоқ екен, міне, оның нағыз бет-бейнесі”, “Нұрлан, оқып отырсаңыз, алимент төлемеу арқылы балаңыздың анасын жазалауды доғарыңыз. Ұят болады, жасыңыз 60-тан асты ғой. Ұлыңызға пәтер алып беріңіз, анасы баласының болашағына алаңдамайтын болсын. Масқара”, “Мен мұндай адамды жаныма да жолатпас едім”, – деп жазған олар.

Ал Нұрлан Абдуллиннің өзі бұл айыптауларға қатысты ресми жауап берген жоқ.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Ақмарал Баққараева бұған дейін өзін Нұрлан Абдуллиннің экс-әйелі ретінде таныстырып, әнші табысын жасырып, баласына алимент төлеуден қашып отыр деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, олар 2012 жылы Нұрлан Нығматулиннің тойында танысқан. Кейін қарым-қатынас басталып, біраз уақыт бірге тұрған. Баққараеваның сөзінше, олардың жас айырмашылығы – 20 жас.

Ол алғашқы жылдары Нұрлан Абдуллиннің Астанадағы төрт бөлмелі пәтерінде тұрғанын айтты. Сол кезде құрсақ көтергенімен, 2014 жылы түсік тастағанын жеткізді. Кейін араға уақыт салып, әншімен қайта қарым-қатынас орнатқан. 2018 жылы олардың ортақ ұлы МұқанАят дүниеге келген.

Сонымен қатар Ақмарал Баққараева 2018 жылы анасының пәтеріне көшіп барғанын, ал Нұрлан Абдуллин сол үйге келіп-кетіп жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылы баласының құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген.

Келіншек әнші табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарып жүр деп есептейді. Сондай-ақ ол Нұрлан Абдуллиннің қымбат жылжымайтын мүлік пен көліктері барын, бірнеше компанияға қатысы болуы мүмкін екенін алға тартқан еді. Баққараеваның сөзінше, әнші баласының оқуына, күнделікті шығынына және басқа да қажеттілігіне жеткілікті деңгейде көмектеспейді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 20:00