Біз шоу жасадық, ал Канье сахнада жай жүрді – Баян Алагөзова
Танымал продюсер Баян Алагөзова 15 тамыз күні болған Канье Уэсттің концертін KeshYou-дің 20 жылдығына ұйымдастырған концертімен салыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Продюсер шетелдік әншінің концертінде отшашу болғанын, алайда 20 жылдық концертте оған отшашуға рұқсат бермей қойғанын еске алды.
"Стадионда өткен KeshYou-дің концерті есіме түсіп отыр. Біз отшашу сұрадық, бірақ бізге үзілді-кесілді рұқсат бермеді. Біртүрлі әрі өкінішті. Бізге әлі күнге дейін "Кешіріңіздер, сіздер өзіміздің адамсыздар, сіздерге болмайды" дейді. Ал Каньеге болады екен…Сонда заң алдында бәрі тең, бірақ кейбіреулерге заң жүрмей ме? Оның үстіне, біз шынымен әлемдік деңгейдегі шоу жасадық, ал Канье жай ғана сфераның ішінде жүрді, аса қинала да қоймады”, – деп жазды Баян Алагөзова.
Желі қолданушылары бұл салыстырудың мүлдем орынсыз екенін айтып, Канье Уэсттің әлемдік әртіс екенін еске салды.
“Канье Уэсттің тұлғалық масштабын KeshYou-дің “ән айтатын ішкиіммен” салыстырмай-ақ қояйықшы. Ал "сахнада жай ғана жүрді" деген сөздің өзі музыка саласына қатысы бар адам үшін өте сауатсыз айтылған пікір”, “Каньеге оны тыңдату үшін киім ауыстырып, билеп шоу жасаудың қажеті жоқ, оған сфераның үстінде жай ғана жүрсе де жеткілікті”, “Сіз расымен Канье мен KeshYou-ді салыстырып тұрсыз ба”, “KeshYou-дің билетін 320 мың теңгеден сатып, кім келетінін көр”, – деп жазды желідегілер.
Кейін продюсер желідегілермен ұрысып шаршағанын, адамдардың өздерін “екінші сорттағы” адамдар санайтынына көз жеткізді.
“Канье керемет, ол жүрмеді, қалықтады. Бізге отшашу керек емес, біз “екінші сорттағылармыз” ғой. Мен "екінші сортты” әртістерімнің концертіне дайындықты бастаймын, әрине, отшашусыз. Астанада сіздерді күтемін, билеттер әлдеқайда арзан болады, өйткені біз өзіміздің адамдармыз ғой. Өз адамдарыңды таптай беріңдер", – деп ашынды Баян.

Ол KeshYou-дің кәсібилігіне күмән келтіретіндерден, концертке келмеуін сұрады.
Еске салайық, бұған дейін танымал америкалық рэпер Канье Уэст Қазақстанда алғаш рет концерт өткізетіні хабарланған еді. Әлемдік деңгейдегі рэпердің Алматыдағы концерті туралы ақпаратты Алматы әкімдігі де растады. Десе де кейін Канье Уэсттің Орталық стадиондағы концертіне қатысты “Қайрат” клубы наразылық білдірген. Себебі концертті ұйымдастырушылар клубпен іс-шараның өтетін күні мен оны өткізу мәселесін алдын ала келіспеген.
Кейінірек Канье Уэсттің концертіне байланысты "Қайрат" еурокубоктағы матчын басқа қалаға ауыстырғаны белгілі болды.