Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқтамаған соң, аттық" деп жауап берген": Заңгер қаңтар оқиғасында оққа ұшқан отбасына қатысты тергеудің тұралап қалғанына билікті айыптады

Қаңтар оқиғасы кезінде бір отбасының үш бірдей мүшесі өз көлігінде оққа ұшқан. Қайғылы жағдайдан төрт айға жуық уақыт өтсе де, тергеу жұмыстары әлі нәтиже бермеген. Бұл іспен айналысып жатқан заңгер Stan.kz тілшісіне, тергеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын және неліктен әлі күнге дейін бірде бір күдіктінің анықталмағаны жайында айтты. 

"Тергеушілер іспен тәуелсіз айналыса алмайды"

Қайғылы оқиға болған күні Нұрболат Сейітқұлов, Алтынай Етаева және олардың қызы Нұрай қонақтан келе жатқан. Бұл кезде қала аумағында коменданттық сағат енгізілген еді.

Туыстары отбасыға көлікті тоқтату туралы бұйрықты естімегендіктен, оққа ұшуы мүмкін екенін болжайды. Марқұмдар отырған көлік кейіннен әскери бөлімшеге жеткізіліпті.

Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Ринат Баймолда осы іске қатысты әділ тергеу жүргізілуін талап етіп келеді. Ол тергеу жұмыстары әлі күнге дейін бір орында тұрғанын сөз етті. Сәуір айының басында мемлекет басшысынан көмек сұраған заңгер тергеу жұмыстарындағы ретсіздікті тәжірибенің жоқтығымен де байланыстырады.

"Алғаш осы іспен айналысқан кезде мен тергеу әділ жүргізілсін деп барша қазақстандықтардан көмек сұрадым. Алайда сол уақыттан бері бір ілгерілеу болды деп айта алмаймын. Жақында "Qantar" қорының ұйымдастыруымен басқосу өтіп, 26 заңгер тергеліп жатқан істердің қай сатыда екенін талқыладық. Біздің тарихымызға қарасақ, мұндай көп адамның өліміне алып келген оқиға бұрын болмаған екен. Сондықтан тергеу жұмыстарында тәжірибе жоқ. Екінші жағынан мен тергеушілердің тәуелсіздігіне күмәнмен қараймын. Заң бойынша ҚР қылмыстық процестік кодексінде тергеушіні дербес, ешкімге бағынбайтын тұлға деп жазған. Бірақ, шындап келгенде, олар бөлім басшысына да, прокурорға да тәуелді", - дейді Баймолда.

"Отбасының 15 жыл күткен қызы еді"

Ринат Баймолда президент ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенімен, оның нысанаға лаңкестерді алуды айтқанына сенімді. Ал әскерилер атқан 15 жастағы қыз лаңкес болуы ақылға сыймайды дейді ол.



"Біздің іске көңіліміз толмайтыны рас, оның аяқталуына қатысты күмәніміз бар. Адвокаттар кейде істің қалай аяқталатынын болжаймыз, сондай жағдайда істің сотқа жетпей қалу қаупі де анықталады. Осы кезге дейін ұсталғандарды қылмыстық кодекстің 291-бабы (“Қару ұрлау”) және 272-бабы (“Жаппай тәртіпсіздікке қатысу”) бойынша тергеп жатыр. Мен Талдықорған қаласында “Қару ұрлау” бабы бойынша тағы екі іспен айналысып жатырмын. Оларды сот сараптамасының қорытындысы жоғына қарамай, 4 айға қамап қойған. Ал мынау – үш адамның өліміне алып келген іс бойынша 11 сот сараптамасы өткізілген. Алайда бұл адам өліміне алып келген ауыр қылмыс екеніне қарамай, бұл істі "өз қызметін асыра қолданды" деп тергеп жатыр", –  дейді заңгер.

Баймолда қаза тапқан ерлі-зайыптылар өз қыздарын 15 жыл бойы күткенін жеткізді. Қас қағым сәттің ішінде бір отбасыны ойран етті деген ол, әлі күнге дейін іске қатысты күдікті тұрмақ, сезікті тұлғаның анықталмағанына наразылығын жасырмады.

"Тоқта дедік. Тоқтамады. Аттық"

Заңгердің сөзінше, оқиға орнында болған адамдар табылып, барлығынан жауап алынған. Ал олардың барлығы "Тоқтамаған соң, аттық" деп жауап берген.



"Қару ұрлағандар ұсталып, түрмеге жабылды. Ал үш бірдей адамды атып тастағандар әлі күнге дейін ұсталмай жатыр. Осы себепті біз істің соңына күмәнмен қараймыз. Қылмыстық кодексті ашып қарайтын болсақ, сезікті тұлғаға қатысты көп мүмкіншіліктер бар. Ал жәбірленушінің құқықтары Қазақстанда аз. Менің ойымша, олар бірдей болуы қажет. Бір ғана мысал, біз сот сараптамасының өзі тұрмақ оның қорытындысын ала алмаймыз. Осының барлығы қолды байлайды", - дейді Баймолда.

"Билік өз қолын өзі шаппайды..."

Қаңтар оқиғасына қатысты неліктен әлі күнге дейін бірде бір күдіктінің табылмағанына қатысты заңгер өз ойын айтты. Сөзінше, бұл жауапты қызметкерлердің өзара "сыйға сый, сыраға бал" әдісінің жемісі.

"Әлбетте, көп уақыт өтті, әлі де өтіп жатыр. Ал жазаға қылмыс жасаған азаматтар бірінші тартылып, опат болған, қаза тапқан отбасылардың істері екінші орында қалып қойып жатыр. Бұл ретте билік өз қолын өз шаппайды деген түсінік қой. Істің созылып, күдіктілердің табылмай жатқаны да тергеушілердің өзара қоян-қолтық әрекет етуінде", –  деп түсіндірді Баймолда.

Заңгер сонымен қоса қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың көпшілігінің тұрмысы төмен екенін қосты. 

"Біз кездесеміз, үйлеріне барамыз, сол уақытта олардың тұрмыстарын көреміз. Құқықтық қорғалмағанын түсінеміз. Ол кісілердің біразы тіпті өз құқықтарын да талап ете алмайды. Олар да істің қалай жүріп жатқанын сұрайды. Мен оларға тек шындықты айтамын. Сондықтан осындай істер өз шешімін тек әділ сотта табуы керек. Жазықты немесе жазықсыз екенін тек сот анықтауы тиіс", – дейді Ринат Баймолда.

 

Талқылау