Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ағамды алаңда атып тастады": Алматыдағы бейбіт шеруде қаза тапқан азаматтың туыстары әділдік сұрайды

Алматы қаласының тұрғыны Қанат Таласбаевтың ту жамылған суреті әлеуметтік желілерді аралап, халық арасында таралып кеткен. Ол 5 қаңтар күні бейбіт шеруге шыққандардың бірі. Кешкі уақытта жұмысынан шығып, алаңға барған азаматтың жансыз денесін туыстары арада бір апта өткеннен кейін мәйітханадан тапқан. Бұл оқиғалардан бері бір ай уақыт өтсе де билік өкілдерінен ешкім хабарласып, көңіл айтпады деген жақындары кінәлілер табылып, жазаға тартылсын дейді. Stan.kz тілшісімен сөйлескен туыстары оқиғаның қалай болғаны туралы айтып берді.

канат таласбаева коллаж

"Алаңға барамын деп айтқан жоқ"

Қанат Таласбаев Алматы қаласында жалдамалы пәтерде тұрған. Өзі мұнда Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан қоныс аударып келген. Марқұм азаматтың қарындасы Қымбат Таласбаева ағасы әртүрлі жерлерде жалданып жұмыс істегендіктен, үйге келмегенінен онша секем алмағандарын айтады.

"5 қаңтар күні жұмыстан шығып, алаңға барған. Мұны бізге кейін ағамды іздеп жүрген кезде жұмысындағы бір кісі айтты. Тағы бір танысымыз да ағаммен бірге бейбіт шеруге шыққандарын айтып, оны анық көргенін жеткізді. Ал желіде таралып кеткен суретін бір блогер түсіріп алған екен. Ол кісінің де айтуынша, бұл суретті 5 қаңтар күні кешкі 5-6-лар шамасында түсірген. Сол күннен бастап телефоны өшіп тұрды. Ол кісі бірнеше жерде жұмыс істегеннен кейін, үйге келмегенінен қатты сескенбедік. Жұмысында түнеп қалған шығар деп ойладық", - дейді қарындасы Қымбат Таласбаева.

Ал оққа ұшқан азаматтың әйелі Динара Алпысбаева жолдасы алаңға шығатынын ешкімге айтпағанын, егер мұны білгенде жібермес едім дейді.

"Күйеуіммен ол күні дұрыстап сөйлесе алмадым. Алаңға шығатынын да айтқан жоқ. Өзі "Қалқаман" ықшам ауданында көлік жөндейтін орында еңбек ететін. Көбінесе жұмысында қонып қалып, келген көліктерді жөндеп болып қайтатын. Егер көшеге шығатынын білгенде, біз қой дейтін едік қой", - дейді жары Динара.

Жақындары Қанат Таласбаевтан 5 қаңтардан бастап хабар үзілгенін жеткізді. Телефоны да қоңырау бармайды. Осылайша іштен тынып отырған жақындары 7 қаңтар күні марқұмның ту жамылған суретін көреді. Жары Динара суретті көре сала алаңға барғанын түсініп, бірден іздеуге шыққанын айтады.

"Бірінші кезекте ойымда ішкі істер департаментіне бару тұрды. Бірақ ол жерде қамалғандарды ұстамайтындарын айтып, уақытша тергеу изоляторына жіберді. Ол жердегі тізімде де болмай шықты. Күйеуімнің үлкен ұлы бұл уақытта мәйітханаға барған, бірақ ол жерден таппаған. Содан кейін біз ол кісінің тірі екеніне сенімді болдық. Мүмкін бір түрмеде отырған шығар деп ойладық. Іздеп табанымыздан тозып жүргенде, амалым таусылғаннан өзім 13 қаңтар күні мәйітханаға бардым. Күйеуімнің денесін сол жерден таптым", - дейді қара жамылған әйел.

 

"Оқ ішінен тиген"

Әйелінің Қанат Таласбаевтың денесін 14 қаңтар күні алып шығып, 15 қаңтарда жер қойнына тапсырғанын жеткізді. Бір апта бойы іздеген уақытта түрлі үміт пен күдіктің қатар келгенін айтады ол. Динара сонымен бірге қолында қаруы жоқ әрі ту жамылған азаматты атып тастағандардың әрекетіне наразылығын да жасырмайды.



Марқұмның жарының сөзінше, ер азаматтың денесінде зорлық-зомбылықтың іздері байқалмаған. Тек оқтың орны ғана тұр.

"Оқ ішінен тиген. Ұрып-соққан белгілер көрінген жоқ. Алаңда жүрген жерінен оқ тиіп, бірден жүріп кеткен секілді. Мәйітхана қызметкерлерінің берген анықтамасында "ішінің оң жағына оқ тиген" деп жазылған", - дейді Алпысбаева.

канат таласбаев справка

Қанат Таласбаевтың өлімінің себебі көрсетілген мәйітхана ұсынған анықтама

“Тергеуші күмәнді сұрақтар қойды”

Күйеуін жерлеген күннен бір апта өткеннен кейін әйелін полиция департаментіне шақырған. Полиция бөліміне үлкен ұлымен барған әйел тергеушілердің сұрақтары күмәнді болғанын айтады.

"Мен өзімнің атымнан куәлік бердім. Тергеушілердің қойған сұрақтары да біртүрлі болды. Қайтыс болған қарапайым адам емес, құдды бір қылмысқа қатысты адамдай күдікті сұрақтар қойды. Менен митингке қай күні шыққанын, қай күні тауып алғанымды сұрады. Арасында "аңшылықпен айналысатын ба еді?", "үйде суық қару ұстайтын бе еді?", "намаз оқитын ба еді?" деген сұрақтар да болды. Мен барлығына жоқ деп жауап бердім. Күнделікті жұмысына барып-келіп жүрген қарапайым адам еді ғой", - дейді әйелі Динара.

Қазіргі таңда асыраушысынан айырылған отбасы әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Марқұмның әйелі Динара 3-ші топтағы мүгедектілігіне қарамастан балаларын асырау үшін, жұмысқа шығып жүр. Еліне деген махаббаты үшін алаңға шыққан кінәсіз жанның өмірін қиған жазықтылар жазалансын, дейді олар.

"Әлі ешкім көңіл айтып хабарласқан жоқ. Қазірге дейін қанша уақыт өтті. Бұдан кейін де хабарласады дегенге өз басым сенбеймін. Біздің басты тілегіміз – оқ атқан адам табылып, жазаланса екен", - дейді марқұмның қарындасы Қымбат Таласбаева.

Марқұмның жары отағасының адал әрі шыншыл болғанын айтады. Алматыға көшіп келген 2003 жылдан бері әр нанын адал терімен тапқан, дейді ол. Сондай-ақ марқұмның артында төрт баласы қалғанын да жеткізді.

"Балаларының үлкені 24 жаста. Ол менімен бірге әкесін іздеуге көмектесіп жүрді. Қалған балаларымыз кішкентай. Асыраушымыздан, асқар тауымыздан айырылдық. Тергеушілермен сөйлескен кезде де күйеуімнің өліміне кінәлі адамды табатындарына күмәнім бар екенін айттым. Алайда олар бәрін анықтаймыз, ашамыз деп сендіріп, шығарып салды. Бірақ мен сенбеймін. Енді ешнәрсеге сенбеймін", - дейді Алпысбаева.



Қазіргі уақытта Қанат Таласбаевтың отбасы қиын күндерді басынан өткеруде. Жалдамалы пәтерде тұратын олар қыстың күні қырауда жан бағуға мәжбүр. Сол себепті марқұмның қарындасы Қымбат Таласбаева арнайы шот ашып, халық жиып берген қаражатты балаларға теңдей жұмсайтынын айтады. Көмек қолын созамын деушілер үшін реквизиттер:

Kaspi: 4400430149572916

+77013741260 Қымбат Таласбаева

Еске салайық, биылғы жылдың қаңтар айының басындағы Маңғыстаудағы сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан еді. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері.

Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян шекті. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.

Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.

Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.

Үкімет қанша бейбіт тұрғынның қаза тапқанын әлі айтқан жоқ.

Талқылау