Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Байып кетемін деп ойлайсыз ба": Қазақстандық жұлдыздар жалдау ақысын қымбаттатқан пәтер иелеріне назын айтты

Көрші елде болып жатқан соңғы жағдайларға байланысты көптеген пәтер жалдап тұрып келе жатқан қазақстандықтар далада қалды. Өйткені пәтер иелері жалға беру құнын бірнеше есеге қымбаттатып, төлей алмайтындардан үйді босатуды сұраған. Қоғамдағы бұл өзекті мәселе отандық танымалдарды да толғантпай қоймады. Жұлдыз Әбдікәрімова себепсізден себепсіз пәтер ақысын қымбаттатқан қазақстандықтарға назын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Біз өзі кімге қонақжаймыз?! Кешелі бері әлжеліде сөмкелерімен далада қалған қазақтар. Туған жерінде тентіреп жүрген қазақты өзге елге барғанда құшақ жая қарсы алып, төрін ұсынар дейсіз бе?! Өз үйінде қадірленбеген қазақты қай ұлт құрметтесін?!

Біз намысын нанға сатпайтын ел емес пе ек?! Орыс келді деп, қазағыңды қуып, тапқан 5-10 теңгең қай жыртығыңды жамайды дерсің?! Түн ортасында үйді босат деп шығарып жіберген отбасының қаяу көңілі тапқан табысыңызды тамағыңыздан қалай өткізбек?

Біз кім едік? Қазір кімге айналдық? Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады деген. Қымбатшылық таялғанда етектен алған бөрі болмай, өз қазағыңа қамқорлық көрсететін АДАМға айналайық.

Мен қорқамын… сырттан төнетін қауіп үшін емес, өзімізден. Себебі ішкі бірлік болмағанда еш күш салмай-ақ бағындырып алуға болады.

#қазаққазаққақамқорбол деген хештегпен таратайық, ең мейірімді, квартирадан қумаған, бағасын көтермеген жалға берушілердің оқиғасын жазайық. Бұл ойым қалай?" - деп жазба қалдырды Жұлдыз. 



Сол сияқты әнші Зарина Омарова аталған мәселеге қатысты үнсіз отыра алмағанын жеткізді. 

"Соңғы болып жатқан жағдайларға байланысты үнсіз отыра алмадым. Осындай қиын уақытта қымбатшылық заманында бір-бірімізге қолдау білдірудің орнына жығылған үстіне жұдырық болып жалдамалы пәтердің бағасын бірнеше есеге қымбаттатып жіберген жандарға сөзім жоқ. Сіз осы тапқан ақшаңыздан байып кетемін деп ойлайсыз ба? Бұның артында қаншама адамның көз жасы тұр емес пе? Басқа адамдарға кішкене мейірімдірек болайық. Төбеде Аллам бәрін көріп тұр. Не болса да адамгершілігімізді жоғалтпайықшы. Адам болып келген соң бұл өмірге адам болып кетейік. Бес күн жалған дүниеде хайуанның деңгейіне түспей, адам кейпінде қалайық. Артық айтсам айыпқа бұйырмаңыздар, ішіме сыймай кетті. Алла жар болсын", – деді Зарина Омарова.

Талқылау