Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы құны 800 мың теңге тұратын былғары плащқа тапсырыс берген: Ол не үшін қажет болды
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы 800 мың теңге тұратын былғары пальто тігуге тапсырыс берген. Байқау мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Қосымша сипаттамада былғары пальто мемлекеттік әділет кеңесшісіне арнап тігілетіні көрсетілген. Сырт киім қара түсті, түкті астары бар, таза былғарыдан жасалуға тиіс екені айтылған. Жағасы нағыз қаракөл жүнінен жасалуы керек. Сондай-ақ плащтың жылытқышы, погоны, түймелері мен шевроны болуы шарт.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі 6 маусымда баға ұсыныстарын сұрау арқылы расымен осындай байқау жарияланғанын мәлімдеді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, қызмет қажеттіліктеріне байланысты плащқа тапсырыс берілген.
“2024 жылғы 13 маусымда "Камода" ЖШС-нің бір баға ұсынуына байланысты мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылды. Сол күні мемлекеттік сатып алу порталы автоматты түрде "Камода" ЖШС жеткізушісіне электронды шақыру жасады. 2024 жылғы 18 маусымдағы мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, "Камода" ЖШС шақырылған жеткізушімен "Электронды сатып алу арқылы бір көзден алу" тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу туралы шешім қабылданды”, – деп жауап берді облыстық прокуратура.