Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі де мүмкін": Қошанов Астанада митинг ұйымдастырған мұнайшылардың артында "біреу тұруы мүмкін" екенін айтады

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Астанада жұмыс талап етіп, митинг ұйымдастырған мұнайшылардың артында "біреу тұруы мүмкін" екенін айтады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Журналистердің сауалына жауап берген мәжіліс төрағасы мұнайшылардың талабының дұрыс яки бұрыс екенін нақты айта алмаған. Оның орнына ол бұл шараны ұйымдастырған адам болуы мүмкін екенін айтады.

"Мұның артында кім тұр? Кім мұны ұйымдастырды? Және сол жерде өткен тендер дұрыс өтті ме, дұрыс өтпеді ме соны да анықтау керек", - дейді Қошанов.

Бұл іспен құқық қорғау органдарының айналысып жатқанына назар аударған мәжіліс төрағасы "барлығы да мүмкін" деп түйіндеген.

Еске салайық, 11 сәуірде Жаңаөзен қаласындағы "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы 10 сәуірде Астанаға келіп, энергетика министрлігінің алдында түнеп шыққаны белгілі болған. Олар министрліктен жұмыс мәселесін шешуді талап еткен.



Сол күні “ҚазМұнайГаз” мұнайшылармен келіссөз жүргізген. Бірақ екі тарап бір келісімге келе алмаған.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңаөзендік мұнайшылардың Астанада дүрбелең туғызу үшін ереуілге шыққанын айтқан.

11 сәуірде Полиция энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылық білдірушілерді қоршап, барлығын ұстап әкеткен. Сол күні кешке Жаңаөзенде Астанаға барып, наразылық білдірген мұнайшылар қамауға алынған соң әкімдік алдына жиналған халық оларды босатуды талап еткен.

12 сәуір күніне қараған түнде Астанада наразылыққа шыққан мұнайшылардың өкілдері өздерінің босатылғанын айтып, барлық митингке қатысушылардың Маңғыстауға қайтарылатынын мәлімдеген

12 сәуір күні таңертең Астанада митинг өткізіп, кейін қамауға алынған жаңаөзендік мұнайшылар видео арқылы үндеу жолдап, өздерінің аман екендерін және жолға шығып бара жатқандарын айтқан.

Талқылау