Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“ҚазМұнайГаз” Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен көліссөз жүргізді

“ҚазМұнайГаз” компаниясы бастаған арнайы топ Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: “ҚазМұнайГаз” 

Ақпарат компанияныың ресми сайтында жарияланды. Онда олардың осыған дейін “ҚазМұнайГаз-дың” еншілес компаниясы “Өзенмұнайгаз” АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған тендерде ұтылған “БерӘлі Маңғыстау Company” компаниясының бұрынғы қызметкерлері екені жазылған. 

Компания мамандарымен бірге келіссөзге “БерӘлі Маңғыстау Company” ЖШС және “Ai-Bis” ЖШС (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысқан. Осылайша жұмысшыларға жалақыларын сақтай отырып, “Ai-Bis” ЖШС және “Кезби” ЖШС (мұнай сервис қызметтерін көрсетеді) компанияларына жұмысқа орналастыру ұсынылды.

“Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қорытындысы бойынша “Өзенмұнайгаз” АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Алайда, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет”, - дейді компания аппаратының басшысы Ерхан Омаров. 

“БерӘлі Маңғыстау Company” компаниясының бұрынғы қызметкерлері “Өзенмұнайгазға” жұмысқа тұрғызуды талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартты. Жиналған мұнайшыларға “Өзенмұнайгаз” АҚ штатына қабылданған құқықтық рәсімдерді айналып өтіп, жұмысқа орналасу жөніндегі талап заңсыз екенін түсіндірді. Бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді. Бұл ережелер моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданған болатын. Келіссөздер алдағы уақытта жалғасады.

Талқылау