Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала жатқан бесікті лақтырған, жүйелі түрде ұрып-соққан": Түркістан облысында қорғанбақ болған әйел күйеуін өлтіріп алғаны үшін қамалды

Түркістан облысында қорғанғысы келген әйел күйеуін өлтіріп алды деп айыпталды. Марқұмның және әйелдің жақындары Немолчи қорына хабарласқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay

Шымкенттен 35 шақырым жердегі ауылда 30 жылға жуық күйеуінің қорлығына төзген әйел оны өлтіріп алған көрінеді. Қазір ол тергеу изоляторында. 

“Мас ер адам әйелі мен балаларын жүйелі түрде аяусыз соққыға жыққан. Туыстары да бұған куә. Үлкен ұлы жиырмаға таяп қалған, бірақ бір жасында жарақат алып, енді мүгедектігі бар. Төбелес кезінде ер адам бала жатқан бесікті 1,5 метрден лақтырып жіберіпті. Балаға ота жасалып, оңалту шаралары жасалғанымен, қазір жігіттің аяқ-қолында ақау бар. Одан кейін де жігітті буындырып, соққыға жығатын”, – деп жазды қор.



Балалардың айтуынша, олар анасымен бірге таңғы алтыдан кешкі сегізге дейін көкөніс алқабында жұмыс істеген. Үйге барудан қорқып, арықтарда, жертөлелерде жасырынған. Әйел бірнеше рет полицияға жүгінгені үшін одан сайын жағдай ушыққан дейді. Тіпті соққыдан инсульт алып, омыртқасы сынған.

Отбасының көршілері де ер адамның төзгісіз болғанын айтады. Өйткені көшеде жалаңаш жүріп, терезе сындырып, тіпті бейтаныс адамдармен де төбелесіпті.

Stan.kz тілшісі бұл жағдайға қатысты полициядан пікір сұрады.

“Сайрам ауданында ер адамды өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Болған оқиғаның барлық жағдайы анықталып жатыр. Іс Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы.

Талқылау