Атырауда медорталық директоры қызметкерін балағаттағаны үшін 1 миллион теңгеден аса өтемақы төлейтін болды

Атырауда мемлекеттік медициналық мекеме басшысы қарамағындағы қызметкерін балағаттап қорлағаны үшін сотталды. Ол “т” деген кемсіту сөзін айтқаны үшін 1 миллион теңгеден аса қаражат төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, Атырау облыстық адамның иммун тапшылығы вирусының алдын алу орталығының директоры қарамағындағы қызметкерін "т" әрпінен басталатын сөзбен балағаттағаны үшін кінәлі деп танылды.
Айыпталушы ретінде мемлекеттік медициналық орталықтың директоры Айгүл Құдаманова, ал жәбірленуші ретінде оның орынбасары Луиза Ақбанова танылды. Луиза Ақбанова басшысына қатысты қылмыстық кодекстің 131-бабы ("Қорлау") бойынша жеке айыптау тәртібімен сотқа жүгінген. Себебі басшысы оны қызметтен қысқарту туралы шешім шығарған. Осылайша дау туындаған. Кейін Луиза Ақбанова облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағым түсірген. Бұдан соң орталыққа арнайы комиссия келген. Дәл сол кезде комиссия мүшелерінің көзінше директор Айгүл Құдаманова орынбасарына қарата әлгі "т" әрпінен басталатын балағат сөзді айтқан.
Комиссияның екі мүшесі бұл сөзді естімеген. Алайда медицина қызметкерлері кәсіподағының өкілі оны естіп, хаттамаға енгізген. Сот дәл осы хаттаманы негізгі дәлелдердің бірі ретінде қарастырды. Сот сондай-ақ филолог-сарапшы Дәурен Рабиловтың қорытындысын зерделеген. Сарапшының пікірінше, аталған сөзде адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын тілдік белгілер бар.
Ал қорғаушы тарап филолог Рахила Қарымсақованың қорытындысын ұсынды. Оның пікірінше, бұл сөз ауызекі сөйлеу тіліндегі нормативтік лексикаға жатады және нақты жағдайда "ақыл-ой мүмкіндігі шектеулі" деген мағынада қолданылған. Яғни адамның танымдық қабілетіне берілген бағалау ғана, ал бағалау пікір үшін жауапкершілік көзделмейді.
Сонымен қатар сот филология пәнінің оқытушысы Салтанат Жұмағазиеваның лингвистикалық зерттеуін де қарастырды. Ол бұл сөздің әдепсіз түрде айтылған қорлау екенін және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітетінін мәлімдеген.
Нәтижесінде сот Айгүл Құдаманованы қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 82 700 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұдан бөлек, ол жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық өтемақы, өкілдің қызметі үшін 500 мың теңге және сараптамалар шығыны ретінде 400 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Оқыңыз