Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда 16 жастағы оқушы қыз мұрнына ота жасағаннан кейін көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді кінәлайды

Оқушы қыз
Фото: Марқұмның туыстарының жеке архивінен

Атырауда облысындағы ауруханада жоспарлы ота жасатқан 16 жастағы оқушы қыз көз жұмды. Мұрын қуысындағы полипті алып тастағаннан кейін қыздың жағдайы күрт нашарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

16 жастағы жасөспірім Атырау облыстық балалар ауруханасына мұрын қуысындағы полипті алып тастау бойынша жоспарлы ота жасату үшін түскен. Отадан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, шамамен бір сағаттан соң науқас жансақтау бөліміне ауыстырылған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода ота жасаған хирург операциядан кейін қыздың мұрнына әдетте бір тәулікке қалдырылатын тампон салынғанын айтқан.

Сол видеода дәрігер-анестезиолог тампонның бар екенін білмегенін айтқан. Оның сөзінше, бір сәтте науқас өздігінен тыныс алуды тоқтатқан.

"Тампонның орнынан жылжып кеткенін байқамадым. Ол тыныс алуын тоқтатты. Тексере бастағанда, оң жақтан тыныс алу болмағаны белгілі болды. Кейін бұл рентген арқылы анықталды", – дейді дәрігер.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, отадан кейін кезеңде тампонның орналасуына және тыныс алудың бұзылуына байланысты мәселе туындаған.

Дәрігер-реаниматологтың айтуынша, тампон дер кезінде алынған. Осыдан кейін қыз тағы 18 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, қарқынды терапия алған. Алайда емге қарамастан оның жағдайы нашарлай берген. 

Оқушы қыздың ата-анасы қайғылы жағдайға медицина қызметкерлерінің әрекеті себеп болды деп санайды. Олар отадан кейінгі алғашқы сағаттарда нақты не болғанын, балаға медициналық көмек қаншалықты уақтылы көрсетілгені туралы сауалдарға жауап беруді талап етіп отыр. 

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, болған оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.

"Аталған ота техникалық тұрғыдан күрделі және аса жоғары дәлдікті талап ететін хирургиялық араласу түріне жатады. Мұндай оталарды жасау кезінде, сондай-ақ отадан кейінгі кезеңде медициналық тәжірибеде белгілі бір қауіптер мен асқынулардың туындау ықтималдығын толықтай жоққа шығару мүмкін емес. Науқастың отадан кейін жағдайы күрт нашарлауына байланысты медициналық ұйым тарапынан шұғыл және қарқынды емдеу шаралары толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі тиісті бейінді мамандар мен сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылды", – делінген басқарманың хабарламасында. 

Басқарма мәліметінше, комиссия болған оқиғаның мән-жайын, көрсетілген медициналық көмектің сапасын, сондай-ақ отадан кейін туындаған асқынулардың себептерін зерттеуі тиіс. 

"Тексеру мен сараптамалық жұмыстар толық аяқталғанға дейін қандай да бір алдын ала қорытынды жасауға негіз жоқ. Науқас туралы толық медициналық ақпарат дәрігерлік құпияны сақтау және дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкес жария етілмейді", – делінген хабарламада. 

Оқушы қыз биыл 11-сыныпқа баруы керек еді. Ол отбасының үлкен баласы болған.

Еске салсақ, бұған дейін ақтаулық әйел дәрігерлердің салғырттығынан 13 жасар ұлынан айырылғанын айтып, шағымданған еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 18:47