Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық дәрігерлерге әлі күнге дейін пандемиядан кейінгі үстеме ақылары төленбеген

Атыраулық дәрігерлер әкімдік алдына жиналып, наразылық білдірді. Жиналғандардың сөзінше, әлі күнге дейін пандемиядан кейінгі үстеме ақыларын ала алмай жүр. Жауаптылар алдын ала ескертпестен қаржыны қысқартып тастаған көрінеді. Ақ халаттылар маңдай термен тапқан ақшамызды берсін деген талап қойып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.

Дәрігерлер 2021 жылы Атыраудағы темір жол ауруханасында уақытша қызмет еткен. Пандемия өршігенде бастарын қатерге тігіп, дертпен күрескен екен. Жансақтау бөліміндегі жағдайы ауыр мыңдаған науқасты емдеп, барымызды салдық дейді. Қазір төккен тер еш кетті деп қапалы. Себебі әкімдік бір айдың үстеме ақысын, яғни әрқайсысының 425 мың теңгелерін  заңсыз қиып тастаған көрінеді.

“Біздер сол жерде өмірімізді қатерге тігіп  жүрдік. Қабат- қабат киіммен, маскамен, тұмшаланып. Енді сол еңбекақымызды жеп қалып отыр. Алдағы уақытта коронавирус тағы өршісе дәрігер тапшы болады. Ал ол кезде уже ондай жұмысқа ешкім де бармайтын болады. Ақшамызды берсін. Басқа ешнәрсе сұрамаймыз”, – дейді медицина қызметкері Нұрлықыз Әбдірашева.

Сөздерінше, мекемеде уақытша қызмет еткендермен бірге сотқа арыз тастаған.

“Тамыз айына беру керек 425 мың теңгемізді жеп қалды. Сол мекемеде уақытша қызмет еткен қыздармен қосылып сотқа жүгіндік. Қалалық сот біздің пайдамызға шешілді. Ал облыстық сотқа әкімдік аппеляция берге соң біз жеңіліп қалдық. Сол кездегі бізге облыстық соттың айтқаны, рахмет сіздерге сондай қиын кезде жұмыс істеген үшін дейді. Бізге ондай рахметі керек емес. Бізге еңбекақымыз қажет”, – дейді Медицина қызметкері Дәрігүл Бахтиярова.



2021 жылдың 1 тамызынан бастап инфекциялық стационарда жұмыс естегендерге берілетін үстеме ақы мөлшері 50 пайызға азайған. Мұндай ұйғарымды денсаулық сақтау министрлігі шығарған еді. Бірақ жаңа ереже қарапайым қызметкерлерге жетпеген.  

Темір жол ауруханасы басшысының өзі мамандарды жаңа қаулымен таныстырғанына сенімсіз. Ақталып, ат тондарын ала қашты.  Ал, Денсаулық сақтау басқармасындағылар болса біздің тараптан ақпараттандыру жүргізіліп, барлық медициналық мекемеге ескертілді дейді. 

“Темір жол ауруханасы жекеменшік емхана. Бірақ мемлекеттік тапсырысты орындап отыр. Қазір нақтылаймыз. Егер де ол басшылардың не сондағы бір жауапты тұлғалардың қателігі болса, тиісті шара қолданылатын болады”, – дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.

Талқылау