Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асқар Мамин Ресейдің жаңа премьер-министріне: Біз бірігіп жұмыс істеуді әрі қарай да жалғастырамыз

Оңтүстік астанада Digital Almaty форумының шеңберінде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтті. Әлемнің үздік саясаткерлері мен экономистердің назарын аударған іс-шарада бес мемлекеттің: Қазақстан, Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Ресейдің премьер-министрлері Еуразиялық экономикалық одақты дамыта түсу жолдарын талқылады.

Фото:primeminister.kz

Ресей мен Қазақстанның премьер-министрлері өнеркәсіптік, энергетикалық, әскери-техникалық, ғарыштық, су және табиғат қорғаушылық салалардағы  екі жақты серіктестікті қозғады. Сондай-ақ, ЕАЭС шеңберіндегі, өзге де интеграциялық бірлестіктердегі әрекеттестіктерді сөз етті. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин Қазақстанға алғаш рет премьер-министрлік іс-сапарымен келуін символикалық деп атады. Өз кезегінде Асқар Мамин екі ел арасындағы қарым-қатынас жалғасын тауып, бірігіп бастаған жұмыстар көздеген нәтижені беретініне үміттенетінін айтты. 

"Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев негізін қалаған, екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық курсын әрі қарай жүзеге асыру үшін біз ресейлік серіктестермен жұмыс істей беруді көздеп отырмыз. Біздің президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сабақтастықты өз қызметінің негізгі қағидасы ретінде растады",- деді премьер-министр. 

Ресей Қазақстанның басты серіктесі. 2019 жылдың 11 айының ішінде екі жақты тауар айналымы 17,2 миллиард долларды құрады. Елімізде Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан аса ұйымдар бар. Бұл шетелдік капиталдың 37,4 пайызын құрайды. 

"Сауда-экономикалық қарым-қатынастың жоғары динамикасына қолдау көрсету үшін жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту мақсатында басталған, бірігіп істелген жұмысты жалғастыру керек. Сонымен қатар, біздің іскер топтарымыздың арасындағы тікелей байланысты бекіту үшін, тауарлар мен үшінші елдердің нарықтарын жетілдіру үшін бірігіп бастаған істеріміз жалғасын табуы керек. Бұл маңызды жұмыс Еуразиялық экономикалық комиссияның алаңында да жүзеге асырылуда",- деді Асқар Мамин. 

Қазақстан премьер-министрінің ойын ресейлік әріптесі жалғап, серіктестік қарым-қатынастарды тілге тиек етті. 

"Үкімет басшысы ретіндегі алғашқы іс-сапарымның Қазақстанға түскенін символикалық дей аламын. Бізді бұрынғы достық және серіктестік қарым-қатынастар байланыстырады. Сауда-экономикалық және инвестициалық серіктестік қарқынды түрде дамып, өңірлік байланыстар нығайтылып жатыр",- деді Михаил Мишустин. 

Сонымен қатар, шенеуніктер 2020 жылдың қараша айында "Экологиялық серіктестік" тақырыбымен Көкшетауда өтетін XVII өңіраралық серіктестік туралы форумға дайындықтың маңыздылығы жайлы айтып өтті. 

 

 

 

 

Талқылау