"Әсел Асқардың өзі жанжал шығарып, балағаттады": Фитнес клубтағылар өз нұсқасын айтты
Күні кеше атышулы блогер Әсел Асқар Алматыдағы фитнес клубтардың бірінде спортшыдан таяқ жегенін айтып, полицияға шағымданған еді. Болған жағдайға қатысты тың деректер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/assel.askar
Атын атамауын сұраған дереккөзге сүйенсек, оқиға “Royal club” фитнес клубында болған. Спортшы жігіт сыпайы түрде өзінің видеоға түсіп қалмауын сұраған. Ал Әсел Асқар жанжал шығарып, айқайға басып, оны балағаттаған көрінеді.
“Жігіттің бұл әрекетін ақтап алуға келмейді. Бірақ барлығы дәл блогердің айтқанындай болған жоқ. Клуб қызметкерлерінің ойынша, жанжалдың өршуіне Әсел Асқардың өзі себепші болып, бейбастық әрекеттерге барған”, –деді бізге берген ақпаратында.
Оқиға болған кездегі бейнежазба полицияға тапсырылды. Алайда видеода ешқандай дауыс естілмейді екен.
Біз жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында фитнес клубтың басқарушысы Нұрлан Жандарбекұлына хабарластық. Ол телефон тұтқасын көтергенімен, сұрақтарымызға жауап бермей, тұтқаны қоя салды. Дегенмен Massaget.kz порталына берген түсініктемесінде блогер айтқандай бейнебақылау камераларындағы видео полиция назарынан тыс қалмағанын айтады. Бірақ бейнежазба екі тарапқа да берілмейтінін мәлімдеді.
“Камера жазбалары жарияланбайды және ешбір тарапқа берілмейді. Өйткені ол жазбаларда клубтың басқа мүшелері бейнеленгендіктен құқықтары бұзылуы мүмкін. Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Біздің клуб ешқашан біреудің сұрауы бойынша немесе қысыммен бейнематериалдарды жасырмаған және жасырмайды. Клуб ережесін бұзу дерегі негізінде, атап айтқанда, қорлау, агрессия және зорлық-зомбылық көріністері, жанжалға қатысушы тараппен келісімшарт дереу бұзылды. Біз зорлық-зомбылықты оның барлық көріністерінде қатаң айыптаймыз. Әрбір клуб мүшесінің қауіпсіздігі мен құрметі әрқашан біздің басты басымдылығымыз болды және болып қала береді”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, блогер Әсел Асқар фитнес клубта белгісіз ер адамның өзін соққыға жыққанын айтып, полицияға шағымданған болатын. Араға уақыт салып айыпталушының 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.