Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арам ойлары бар екенін білген жоқпын": Алматыда 18 рет пышақ жарақатын алған Яндекс такси жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Алматыда такси жүргізушісіне шабуыл жасап, оған 18 рет пышақ жарақатын салып, көлігін айдап кеткен үш күдіктіні іздеу жұмыстары екінші аптаға кетті. Жапа шегуші ғажайыппен аман қалып, ауыр отаны басынан өткерген. Азамат басынан өткен жаға ұстатарлық оқиғасы туралы ауруханадан шыққан соң айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтемемен.

яндекс коллаж

Оқиға 12 наурыз күні болған. Сол күні Аманбек әдеттегідей қаланы аралап, таксилетіп жүрген. "Думан" шағын ауданынан әуежайға дейін тапсырыс түседі. Оқиға орнына жеткенде үш қаскүнем жігітті алдап көліктен түсіріп алған.

"Бауырым, көлігіңнің артқы дөңгелегі жарылып қалыпты, – деді олар маған. Мен олардың арам ойлары бар екенін ойлаған да жоқпын. Барлық дөңгелектерімді қарап шығып, тұра бергенімде ту сыртымнан еш ескертусіз пышақ сұғып алды", – дейді жәбір көрген азамат.

18 рет пышақ жарақатын салған күдіктілер арам істерін жасырғысы келеді. Осылайша қансырап жатқан Аманбектің аяқ-қолын байлап, белгісіз жаққа алып кетеді.

"Олар пышақты үнемі қолдарында ұстап жүрді, мені өлтіргілері келген секілді. Содан бір жерге тоқтап, мені сонда қалдырып кетті", – дейді Аманбек.



Жәбірленушінің әкесі ұлының мұндай жағдайға тап болғанын түнгі сағат 11-де білген. Аманбекті қоқыс арасынан тауып алғанын айтып, бейтаныс жігіт қоңырау шалған. Кейін Аманбекті ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер оған үш сағат бойы ота жасайды.

"Оның екі қызы мен әйелі бар. Ұлым бәрімізді асырап отыр. Ол менің жалғыз ұлым. Мұны істеген қаскөйлер тиіс жазаларын алады деп үміттенемін", – дейді жәбірленушінің әкесі Ахмет.

Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Криминалдық полиция қызметкерлерінен арнайы топ құрылған. Қылмыскерлерді іздеу жұмыстарымен үздік жедел уәкілдер айналысуда.

"Бұл қылмыс міндетті түрде толықтай тергеледі. Іс "аса ауыр" деп тіркелген, сондықтан полиция барлық мән-жайды ашуға бар күш-жігерін салады", – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Еске салайық, бұған дейін Toyota Camry көлігімен такси қызметін ұсынған алматылық тапсырысын орындау кезінде клиент тарапынан шабуылға ұшырап, пышақ жарақатын алғаны туралы жазылған еді.

Оқиғадан кейін Яндекс Go баспасөз қызметі оқиғаны аса қатыгездік деп атап, компания жүргізушімен байланысқа шыққанын және оған қолдау көрсеткендерін айтты.

Талқылау