Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Киімі мен сөмкесі туралы сұрауға болмайды": Құрылтайда депутат әдебінен заң ұсынуға дейін не өзгерді

  

Құрылтай тұрақты комитет
Фото: Құрылтай отырысынан

Құрылтай депутаттарына қызмет барысында ғана емес, одан тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтау міндеттеледі. Олар мінберді депутаттық өкілеттігіне қатысы жоқ мәселелер үшін пайдаланбауға, расталмаған ақпарат таратпауға және өзге адамдардың сөзін бөлмеуі тиіс. Сонымен бірге Құрылтайда журналистердің депутаттармен жұмыс істеу тәртібі де өзгерді.Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Мінберді депутаттық қызметке қатысы жоқ мәселелер үшін пайдалануға болмайды

Құрылтай депутаттарының әдеп қағидаларында олардың депутаттық өкілеттігін атқарған кезде де, қызметтен тыс уақытта да басшылыққа алуға тиіс мінез-құлық нормалары айқындалған.

Депутаттар жоғары мінез-құлық мәдениетін, ұстамдылық пен әдептілік танытып, әріптестеріне және Құрылтай жұмысына қатысатын өзге адамдарға сыйластықпен қарауы тиіс. Сондай-ақ сөйлеген сөзінде басқа депутаттар мен азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін негізсіз айыптауларға, дөрекі және қорлайтын сөздерге жол бермеуі керек.

Бұдан бөлек, Құрылтай отырыстарында депутаттық өкілеттікті жүзеге асыруға қатысы жоқ өзге өтініштер үшін мінберді пайдаланбау талабы қойылады. Яғни мінбердегі сөз депутаттың тікелей қызметіне қатысты болуы керек.

Депутаттар сөз сөйлеп тұрған адамның сөзін бөлмеуі, өзге адамдардың сөзіне орынсыз түсініктеме бермеуі тиіс. Сондай-ақ адамның намысына тиетін қимыл, ишара немесе өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейді.

Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаеваның айтуынша, депутаттық әдеп талаптары тек Құрылтай қабырғасымен шектелмейді.

"Депутаттық әдеп талаптары тек жұмыс тобының отырысы кезінде немесе Құрылтайдағы жұмыс барысында ғана емес, Құрылтайдан тыс уақытта да депутаттың өзіне қатысты қолданылады. Депутат барлық тиісті талаптарға сай келетін адам болуы керек. Сондықтан оның қай жерде жүргеніне қарамастан, бұл талаптар бәріне ортақ", – деді Дәния Еспаева.

Еске салсақ, бұған дейін экс-депутат Ардақ Назаров Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауалға берілген сөзін пайдаланып, анасын туған күнімен құттықтаған еді. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің сынына ұшырады.

Расталмаған ақпарат тарату да әдеп бұзу саналады

Депутаттарға көпшілік алдында және бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы әрі расталған ақпарат ұсыну талабы қойылады. Еспаеваның түсіндіруінше, депутат қандай да бір мәселенің орындалмағанын немесе белгілі бір фактінің болғанын мәлімдесе, оның сөзі нақты дерекке негізделуі тиіс. Расталмаған ақпаратты көпшілікке жариялау депутаттық әдепті бұзу ретінде қарастырылады.

Әдеп талаптарының сақталуын бақылау үшін Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Оның құрамына барлық партиялардың өкілдері мен комитет төрағалары кіреді деп жоспарланған.

Кеңес жеке және заңды тұлғалардан депутаттарға қатысты түскен өтініштерді қарайды.

 

Ескертуден жалақыдан айыруға дейін

Әдеп талаптарын бұзған депутаттарға бірнеше тәртіптік шара қарастырылған.

"Біріншісі – ескерту, екіншісі – депутаттың көпшілік алдында кешірім сұрауы. Сонымен қатар депутатқа Құрылтай отырыстарының бірінде сөз беруге тыйым салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, үш отырыс бойы сөз бермеу және депутатты отырыстан шығару сияқты шаралар да қарастырылған", – деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Бұдан бөлек, депутатты бір немесе үш отырыстан шығару, сондай-ақ жалақысынан айыру шарасы бар. Қандай жаза қолданылатыны әр жағдай жеке қаралғаннан кейін шешіледі.

Еспаеваның мәліметінше, Құрылтай құрамының 78 пайызы жаңарған. Сондықтан Әдеп жөніндегі кеңес депутаттарды жазалаумен ғана айналыспай, жаңа құрамға әдеп талаптарын түсіндіру жұмыстарын да жүргізбек.

"Кім қандай аяқ киім киеді, қандай сөмке ұстайды": Құрылтайда неге бұрынғыдай кулуар болмайды?

Құрылтайдағы тағы бір өзгеріс журналистердің депутаттармен жұмыс істеу тәртібіне қатысты.

Жаңа ережелер талқыланған кезде журналистер мен Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева арасында пікірталас пайда болды.

БАҚ өкілдері жаңа тәртіп журналистердің депутаттарға еркін сұрақ қою мүмкіндігін шектей ме деген мәселе көтерді. Сондай-ақ аккредитациядан айыруға қатысты талаптардың сөз бостандығына әсері туралы сұрақтар қойылды. Еспаева жаңа тәртіптің мақсаты журналистерді шектеу емес, Құрылтай жұмысы туралы қоғамға маңызды ақпаратты жеткізу екенін айтты.

Оның сөзінше, өңірлерге барған кезде тұрғындардың қабылданып жатқан заңдар мен реформалардың мазмұнынан жеткілікті хабардар емес екені байқалады.

"Халық қандай заңдар қабылданып жатқанын білуі керек. Өңірлерге барғанда адамдар реформалардың мәнін білмейді, бәрін қарапайым тілмен түсіндіруге тура келеді. Азаматтар үшін олардың өмірінде не өзгеретіні маңызды. Ал депутаттардың кімнің қандай аяқ киім кигені немесе қандай сөмке ұстайтыны емес. Алда бюджет, кодекстер және 170-ке жуық заңмен жұмыс тұр. Қазір басымдық осында", – деді Дәния Еспаева.

Вице-спикердің айтуынша, журналистер депутаттарға өткір немесе өзге де сұрақ қою мүмкіндігінен айырылмайды. БАҚ өкілдері фракциялардың баспасөз қызметтері арқылы немесе Құрылтайдағы 145 депутаттың кез келгеніне тікелей хабарласып, сұхбат ұйымдастыра алады.
Еспаева Құрылтайдың ашықтығы сақталатынын да айтты.

"Ешқандай шектеу жоқ. Парламент ашық болды және ашық күйінде қалады. Регламентте барлық отырыс ашық болуы керек деп нақты жазылған. Сондықтан біз журналистерді шектедік деу дұрыс емес. Біз тек жұмысты ретке келтірдік", – деді ол.

Осылайша бұрын журналистер депутаттарды кулуарда тоқтатып, сол жерде сұрақ қоя алса, жаңа тәртіпте депутатпен сұхбатты фракциялардың баспасөз қызметі арқылы немесе депутаттың өзімен алдын ала байланыстырып ұйымдастыруға басымдық берілмек.

Депутат заң жобасын Үкіметтің келісімінсіз ұсына алады

Құрылтай депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, депутаттар заң жобаларын өз бастамасымен әзірлеп, ұсына алады. Жалпы жағдайда ол үшін

Үкіметтің қорытындысын алу міндетті емес.

"Депутаттық бастаманың өз тәртібі бар. Үкімет заң жобасын енгізген кезде оған Үкіметтің қорытындысы, кей жағдайларда мемлекеттік шығыстарға қатысты қорытынды қоса берілуі керек. Ал депутаттық бастама мұндай қорытындыны талап етпейді. Депутат Үкіметтің қорытындысын алуға міндетті емес", – деді Снежанна Имашева.

Алайда депутат ұсынған түзетулер қосымша бюджет шығынын қажет ететін болса, Үкімет қорытындысына қатысты талаптар ескеріледі. Ал кәсіпкерлерге жаңа міндеттер енгізу, талаптарды күшейту немесе жаңа айыппұл қарастыру ұсынылса, депутат ықтимал салдарын бағалау үшін Үкіметтің қорытындысын сұрата алады.

Құрылтай заң жобаларын үш оқылымда қарайды. Бұл тәртіп халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдарға қолданылмайды.

Депутаттар өңірлерге кемінде екі рет барады

Жаңа регламентте депутаттардың сайлаушылармен байланыс тәртібі де белгіленген. Құрылтай депутаты Константин Петровтың айтуынша, қыркүйектің басынан маусымның соңына дейін созылатын бір сессия барысында әр депутат өңірлерге кемінде екі рет баруы тиіс.

"Регламенттің 8-бабында бір сессия ішінде өңірлерге кемінде екі рет шығу қарастырылған. Яғни қыркүйектің басынан маусымның соңына дейін әр депутат өңірлерге кемінде екі рет барады. Партиялық фракциялар депутаттарды өңірлерге бекітеді. Бұл ақпарат халыққа қолжетімді болады", – деді ол.

Өңірлердегі сапар кезінде депутаттар азаматтарды жеке қабылдап, еңбек ұжымдарымен кездеседі. Регламент мұндай кездесулерді бір ғана форматпен шектемейді.

Сессияаралық кезеңде де депутаттардың жұмысы жалғасады. Олар сайлаушылармен, сарапшылармен және талдаушылармен кездесіп, заңнамалық ұсыныстар мен түзетулер әзірлейді.

Азаматтар депутаттарға әлеуметтік желілер арқылы да өтініш білдіре алады. Сонымен қатар ресми өтініштерді Е-Өтініш цифрлық платформасы арқылы жолдау мүмкіндігі сақталады.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 16:00