Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 65 жастағы зейнеткерді кішкентай қыздың көзінше көршісі ұрып өлтірді деп айыпталды

қылмыс
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте 65 жастағы зейнеткерді балаларының көзінше ұрып өлтірді. Қайғылы жағдайға көршілер арасында жанжал себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы жағдай 9 қыркүйек кешке Шымкентте болған. Мәліметке сәйкес, жанжал үйлердің бірінің ішінде басталған. Кейін екі ер адам аула сыртына шығып, сол жерде жанжалдасқан. 

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрдан ер адамның зейнеткерді ұрып жерге құлатқанын, одан кейін соққыны әрі қарай жалғастырғанын көруге болады. Сол сәтте олардың жанында кіп-кішкентай қыз болған. Ол екі адамның ортасына түсіп, жанжалды тоқтатуға тырысқан. Ер адам зейнеткерді әбден ұрып-соққан соң жайбарақат үй ауласына кірген. Іштен бір түйіншек алып шығып, кетіп қалған. 

65 жастағы ер адам соққыдан кейін есін жимаған. Туыстары жедел жәрдем шақырғанымен, оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын хабарлаған. 

Аталған жағдайға Шымкент қаласы полиция департаменті пікір білдірді. Олар тергеу жүріп жатқанын айтты. 

“Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен Шымкент қаласы полиция департаментінің басшылығы барды. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір оны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық іс аясында тергеу жалғасуда”, – делінген жауапта. 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда аялдамада тұрған зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан 26 жастағы ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 12:54