Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сапасыз бензиннен көлік бұзылған жағдайда жөндеу шығындарын өтеу ұсынылды

жанармай депутат
Фото: magnific.com

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары Қазақстан азаматтарының АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасына қатысты шағымдарына байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, жанармай бекеттерін тексеруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Парламент депутаттары жанармай құю бекеттерін күтпеген жерден тексеруді, отынды QR-кодтар арқылы бақылауды және көлігіне жөндеу жасауға мәжбүр болған жүргізушілердің шығынын өтеуді ұсынды. 

“Сапасыз бензин құйғаннан кейін көліктің форсункалары, оталдыру шамдары, катализаторлары және басқа да бөлшектері істен шығуы мүмкін. Кей жағдайда жөндеу кезінде 200-ден 600 мың теңгеге дейін шығын шығады”, – деп жазды депутаттар.

Сауалда Техникалық реттеу және метрология комитетінің деректері келтірілген. Мәліметке сәйкес, 2026 жылы Алматыда жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алулар кезінде АИ-100 ретінде сатылған жанармайдағы күкірт мөлшері белгіленген нормадан үш еседен астам жоғары болған.

Ал Қызылорда облысында депутаттардың мәліметінше, АИ-95 маркасымен АИ-92 бензині сатылған. 

Депутаттардың пікірінше, жанармай өзінің сипаттамаларын тек өндіріс кезінде ғана емес, тасымалдау, сақтау, тиеу-түсіру немесе сату кезінде де жоғалтуы мүмкін. Бұл ретте өнім сапасының нақты қай кезеңде нашарлағанын анықтау қиын.

Депутаттар Үкіметке мынадай ұсыныс жасады:

  • Жанармай құю бекеттері мен мұнай базаларында күтпеген жерден сынама алуға рұқсат беру;
  • Тұрақты түрде бақылау мақсатында сатып алулар жүргізіп, зертханалық зерттеулер ұйымдастыру;
  • Жанармайдың әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап жанармай құю бекетіне дейін цифрлық бақылау жүйесін енгізу;
  • Жанармай құю бекеттерінде бензиннің шығу тегі мен тексеру нәтижелері туралы ақпарат бар QR-кодтарды орналастыру;
  • Талап бұзған тізбек қатысушысын жауапқа тарту;
  • Жанармай құю бекеттеріне жүргізілген тексерулердің ашық тізілімін құру;
  • Сапасыз жанармай салдарынан көлігіне зақым келген азаматтардың диагностика және жөндеу шығындарын өтеу тәртібін жеңілдету.

Депутаттар депутаттық сауалда ӘҚБтК-нің 281-бабын қолдану тәжірибесін қайта қарауды және сапа талаптарына сай келмейтін мұнай өнімдерін сатқаны үшін жауапкершілікті күшейтуді де ұсынды. Олардың пікірінше, мұндай жанармай партиялары міндетті түрде айналымнан шығарылуы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінен АИ-92 бензині АИ-95 ретінде сатылғаны туралы жазған едік. Қызылорда облысында АИ-92 бензині АИ-95 ретінде сатылған. Ал Жетісу облысында АИ-92 бензинінің құрамындағы күкірт мөлшері нормадан екі есе жоғары болған.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 11:31