Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аязда баланы сүлгіге орап, қоқысқа тастаған экс-полицейге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы сұралды

бала
Фото: Deposit photo

Абай облыстық сотында жаңа туған нәрестенің өліміне айыпталған экс-полицейлерге қатысты резонансты процестің егжей-тегжейі айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

3 ақпанда Әуезов полиция бөлімінің кезекші бөліміне Семейдің сол жағалауындағы қоқыс жәшігінен орамалға оралған нәрестенің мәйіті табылғаны туралы хабарланды. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы аттанды. Кейінірек полицейлер күдіктіні үй жағдайында босанған, 20 жастағы қыз бен оның жігітін анықтады. Қыз нәрестенің дүниеге өлі келгенін, ал жігіт оны қоқыс жәшігіне тастап кеткенін айтқан. 

Ресми емес ақпараттарға сүйенсек, қыз да, жігіт те сол кезде полиция қызметкерлері болған. 10 ақпанда болған оқиғадан кейін олардың ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғаны белгілі болды. Алайда сол кезде Абай облысының полиция департаменті "күдіктілер полиция қызметкерлері емес" деп мәлімдеген. Бүгін Абай облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында резонанс тудырған істі қарау кезінде оқиғаның мән-жайы белгілі болды. Қызға Қылмыстық кодекстің 100-бабы — анасының жаңа туған сәбиін босану кезінде немесе босанғаннан кейін бірден өлтіру бойынша айып тағылған. Ал оның жігіті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша сотталып жатыр.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2005 және 2000 жылы туған жастар 2025 жылдың қаңтарында кездесіп бастаған. Сол жылдың маусымында интимдік қатынасқа түскен. Біраз уақыттан кейін қыз жүкті екенін білгенімен, бұл туралы жігітіне айтпаған. Ол құрбыларымен бірге тұрған. Ақпан айының басында түнгі сағат екілер шамасында қыздың іші ауырып, толғағы басталған. Ол дәретханаға барып, ешкімге айтпастан баланы унитазда отырып босанған. Осыдан кейін жігітіне телефон шалып, болған жағдайды айтқан. Жігіті келген кезде қыз сәбиді сүлгіге орап, оған берген.

Жігіт баланы көлігімен Ломоносов көшесіне апарып, қоқыс контейнеріне тастап кеткен. Сотта жария болған материалдарға сәйкес, сәби тірі болған және кейін үсіп қайтыс болған. Осылайша, қыздың бастапқыда баланың өлі болып туғаны туралы нұсқасы расталмаған. Сонымен қатар сот отырысы барысында оқиға болған кезде екі күдіктінің де полиция органдарында жұмыс істегені белгілі болды. Прокурор жарыссөз кезінде қызды Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік айыптаушы оны жазадан босатуды өтінді. Ал жігітке қатысты прокурор Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы екі сотталушыны да арнайы атақтарынан айыруды өтінді.

Өз кезегінде қорғаушылар сотталушылардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 104-бабына — абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабына қайта саралап, осы бапта көзделген жаза шеңберінде үкім шығаруды сұрады. Сот үкімі бүгін жарияланған жоқ. Сот отырысы келесі отырыста жалғасады.

Ислам Әден
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 12:23