"Өзімді қызбын деп шектеген емеспін": Қазақстандағы құтқару авиациясының жас ұшқышы қалай адамдарды құтқарып жүр
Таулы жерде шекарашылар мінген көлік аударылып, өртенген. Үш адам ауыр, тағы 14 адам жеңіл жарақат алған. Оларды құтқаруға аттанғандардың арасында Ми-8 және Ка-32 тікұшақтарының екінші пилоты, жас ұшқыш қыз Бибіхан Тұрысбекова да болды. Адам өмірі санаулы минуттарға тәуелді болатын мұндай шақыртулар – оның жұмысының бір бөлігі. Stan.kz тілшісі аспанды бағындырған нәзік жанмен қауіпті шақыртулар, ұшқышқа артылатын жауапкершілік және ерлер көп салада өз орнын табу туралы әңгімелесті.
17 адамды құтқаруға аттанған
Жиырма жеті жастағы Бибіхан үшін аспан – жай қызығушылық емес, күнделікті жұмысының бір бөлігі. Түркістан облысы Қазығұрт ауданында туған бойжеткен бүгінде ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" тікұшағын тізгіндеп, адам өміріне араша түсер жауапты сапарларға аттанып жүр.
Бибіхан Азаматтық авиация академиясын тәмамдаған. Студент кезінде академияға "Қазавиақұтқару" өкілдері келіп, түлектерге мекемедегі жұмыс мүмкіндіктері туралы айтып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметке шақырған екен. Сол кездесуден кейін құтқару жұмыстарына қызығушылығы артқан Бибіхан оқуын аяқтай салысымен мекемеге жұмысқа орналасып, тікұшақтың екінші пилоты атанды.
Бибіханның жадында қалған қиын шақыртулардың бірі – Мақаншы маңында болған оқиға. Таулы жерде азық-түлік тасымалдап бара жатқан шекарашылар мінген көлік аударылып, өртенген екен. Жол апатына түскендердің үшеуі ауыр, тағы 14 адам жеңіл жарақат алады.
Жараланғандарды таулы жерден алып шығуға Бибіхан қызмет ететін экипаж аттанған. Әсіресе ауыр жараланған үш адамға көмекті кешіктірмей жеткізу маңызды еді. Сондықтан тікұшақтағы экипаждың бар назары оқиға орнына тезірек жетіп, адамдарды қауіпсіз жерге алып шығуға ауғаны тағы бар.
"Сол сәтте "тезірек жетсек екен, адамдарға көмектессек екен" деген ой ғана болды. Мұндай кезде уақыттың әр минуты маңызды екенін түсінесің. Экипаж болып барынша жинақы жұмыс істеп, зардап шеккендерді қауіпсіз жерге жеткіздік. Сол жағдай әлі күнге дейін есімде. Өйткені біздің жұмысымыз адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет сезіндім", – дейді Бибіхан.

Дегенмен адам өміріне қауіп төніп тұрғаны ұшқыш асығыс қимылдауы керек деген сөз емес. Керісінше, мұндай шақыртуда бір жағынан уақытпен санасса, екінші жағынан экипаждың өз қауіпсіздігін естен шығармауы керек. Сондықтан әр қадамды жағдайға қарай бағамдап, шешімді байыппен қабылдау маңызды.
"Осындай сәттерде эмоцияға беріліп кетуге болмайды. Ұшқыш ең алдымен жағдайды бағалап, экипаждың қауіпсіздігін сақтап, белгіленген тәртіпке сүйеніп шешім қабылдауы керек", – дейді ол.
"Қорқыныштың болуы – қалыпты"
Құтқарушылар баратын жердің жағдайы әр жолы әртүрлі. Бірде ауа райы қолайсыз болса, енді бірде тікұшақ таулы аймаққа бет алады. Кей шақыртуда көмек күткен адамға жету үшін уақытпен санасуға тура келеді. Осындай сәттерде қорқыныштың болуы Бибіхан үшін таңсық емес. Ол қорықпауды емес, қорқынышқа бой алдырмай жұмыс істей білуді маңызды санайды.
"Қорқыныштың болуы – қалыпты нәрсе. Бірақ маман сол сезімді басқара білуі керек. Мен үшін салқынқандылықтың негізі – дайындық, тәжірибе және тәртіп. Ұшу кезінде әр адамның өз міндеті бар. Экипаж мүшелері бір-біріне сеніп, әркім өз жұмысын нақты орындаса, ең күрделі жағдайда да дұрыс шешім қабылдауға болады", – дейді пилот.
Әуеде экипаж бір бүтін болып әрекет етеді. Бірінің жұмысы екіншісіне жалғасып, әркім өзіне тиесілі міндетті атқарады. Бибіхан үшін осындай өзара сенім әсіресе қиын шақыртулар кезінде маңызды.

Екінші пилоттың міндеті қандай?
Мұндай шақыртуларда Бибіхан тікұшақ командирімен бірге жұмыс істейді. Өйткені ол – ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ Ми-8 және Ка-32 тікұшақтарының екінші пилоты. Оның жұмысы тікұшақ әуеге көтерілгеннен кейін ғана басталмайды. Ұшуға дейін де атқарылатын шаруа аз емес, ал әуеде командир мен екінші пилоттың әрқайсысына өз міндеті жүктеледі. Бибіхан қазір осы жолдан өтіп, алдағы уақытта командир болуға дайындалып жүр.
"Ұшуға дайындық, тікұшақтың техникалық жағдайын бақылау, бағытты бағдарлау, экипаж мүшелерімен бірлесіп жұмыс істеу – бәрі біздің міндетімізге кіреді. Ұшу кезінде командирге қажет мәліметті дер кезінде беріп отырамыз. Екінші пилот үнемі командир деңгейіне дайындалып жүруі керек деп есептеймін. Өйткені авиацияда білім мен тәжірибенің шегі болмайды", – дейді Бибіхан.

Қазір тікұшақ кабинасы оның күнделікті жұмыс орнына айналған. Ал алғаш рет әуеге көтерілгенде Бибіханның бойындағы қуанышқа толқыныспен ұштасқанын да жасырмайды. Себебі сол күні ол ұшудың әсерін ғана емес, пилотқа артылатын жауапкершіліктің салмағын да алғаш сезінген.
"Алғашқы көтерілу кезінде ерекше толқыныс болды, адреналин деуге болады. Бір жағынан – қуаныш, екінші жағынан – өзіңе артылған үлкен жауапкершілікті сезінесің. Сол сәтте "менің өмірім енді авиациямен байланысты" деген түсінік пайда болды", – дейді ол.
Бір қызығы, Бибіхан бала күнінде өзін ұшқыш ретінде елестетпеген. Аспанға қызығушылығы жетінші сыныптан бастап біртіндеп ояныпты. Мамандық таңдайтын шақ келгенде ғана авиацияға саналы түрде бет бұрған. Оны аспанда ұшудың өзі ғана емес, бұл саланың тәртібі мен әр шешімге жауап бере білу керегі қызықтырған.
"Бұл сала маған өзінің жауапкершілігімен, тәртібімен, үнемі дамуды талап ететінімен және көптеген қалаларды көру мүмкіндігімен ұнады. Ұшқыш болу – жай ғана ұшақты немесе тікұшақты басқару емес. Бұл – әрбір шешімің үшін жауап бере білу. Сол жауапкершілік мені осы мамандыққа одан сайын қызықтырды", – дейді Бибіхан.
"Қыз бала ұшқыш бола ала ма?"
Авиацияда ер адамдар басым. Сондықтан Бибіхан бұл салаға келгенде "қыз бала ұшқыш бола ала ма?" деген күмәнді көзқарастардың болғанын жасырмайды. Бірақ ол мұндай сөздерге ренжіп немесе өзінің бұл мамандыққа лайық екенін біреуге дәлелдеуге тырыспаған. Оның таңдаған жолы басқа – қолынан не келетінін жұмыспен көрсету.
"Өзіңді сөзбен емес, жұмысыңмен дәлелдеу керек деп ойлаймын. Авиацияда сенің әйел немесе ер адам екеніңнен бұрын, қандай маман екенің маңызды. Сондықтан мен үшін ең дұрыс жауап – жақсы дайындалу, өз міндетіңді сапалы орындау және экипаждың сеніміне ие болу. Уақыт өте келе адамдар сенің жынысыңа емес, кәсіби деңгейіңе қарай бағалай бастайды", – дейді ол.

Ер мен әйелдің дене күшінде айырмашылық болуы мүмкін екенін Бибіхан да жоққа шығармайды. Дегенмен тікұшақта бәрін қара күш шешпейді. Мұнда жылдам әрекет ету, зейінді болу, қиын сәтте сабыр сақтау және дер кезінде шешім қабылдай білу де маңызды. Сондықтан Бибіхан әлсіз тұсын сылтау етуден гөрі, сол бағытта көбірек еңбектенуге тырысады.
" Сондықтан өзімнің дене дайындығыма да көңіл бөлемін, сонымен қатар тәжірибе мен кәсіби дағдыларымды үнемі жетілдіруге тырысамын. Мен ешқашан "әйел болғандықтан маған қиын" деп өзімді шектеген емеспін. Керісінше, қай жерде әлсіз тұсым болса, сол бағытта көбірек жұмыс істеуге тырысамын", – дейді Бибіхан.
"Біз үшін кезекті тапсырма, бір отбасы үшін..."
Құтқарушылар көмек көрсеткен адамдарымен кейін қайта кездесе бермеуі мүмкін. Біреуді ауруханаға жеткізгеннен кейін экипажды келесі жұмыс күтіп тұрады. Бірақ Бибіхан үшін қарапайым ғана алғыстың өзі кейде ұзақ уақыт жадында қалады. Өйткені пилот үшін кезекті жұмыс күні болған сәт бір отбасының өмірін өзгертіп кетуі мүмкін.
"Құтқару жұмысының ең үлкен бағасы – адамдардың аман қалғанын көру. Кейде қарапайым ғана "рақмет" деген сөздің өзі көп нәрсені білдіреді. Біз үшін бұл – кезекті тапсырма болуы мүмкін, ал бір отбасы үшін сол сәт бүкіл өміріндегі ең маңызды сәт болуы ықтимал. Сондықтан "осы мамандықты бекер таңдамаппын" деген ой ең алдымен біреуге нақты көмегің тигенін сезінген кезде келеді", – дейді ол.
Тікұшақтан түскеннен кейінгі Бибіхан
Қауіпті шақыртуға ұшқанда Бибіханнан барынша жинақы болып, әр әрекетіне мұқият қарау талап етіледі. Ал тікұшақтан түскеннен кейін оның күнделікті тіршілігі басқа арнаға ауысады. Бос уақытында спортпен айналысып, садақ атады, биге барады. Жақындарымен уақыт өткізіп, тыныштықта демалғанды да жақсы көреді.
"Жұмыстағы Бибіхан мен күнделікті өмірдегі Бибіханның айырмашылығы бар шығар. Ұшқанда барынша жинақы, жауапты және талапшыл болуға тырысамын. Ал күнделікті өмірде қарапайым қызбын. Әрине, мен де сезімталмын. Жақындарыммен уақыт өткізгенді, тыныштықты, спортпен айналысқанды және өзіме ұнайтын істермен айналысқанды жақсы көремін", – дейді ол.

Бибіхан үшін тікұшақпен кезекті шақыртуға аттану – жұмысының бір бөлігі. Ал үйде оны күтіп отырған жақындары үшін әр ұшу алаңдаумен өтеді. Әсіресе оның адамдарды құтқару үшін қауіпті жерлерге баратынын білу отбасы үшін бастапқыда оңай болмаған. Уақыт өте келе олар Бибіханның бұл мамандықты жай таңдамағанын, авиацияның оның өмірінің бір бөлігіне айналғанын түсінген.
"Әрине, жақындарың үшін сенің қауіпті жағдайларға ұшатыныңды қабылдау оңай емес. Олар әр ұшқан сайын алаңдайды. Бірақ уақыт өте келе менің бұл мамандықты қаншалықты жақсы көретінімді түсінді", – дейді Бибіхан.
"Арманыңнан қорықпа"
Бибіханның өзі авиацияға жетінші сыныптан бастап қызыққан. Бүгінде ол бір кездері өзі жасаған таңдаудың алдында тұрған, ұшқыш болуды армандайтын қыздарға кеңес бере алады. Оның түсінігінде аспанға қызығу мен ұшқыш болуды қалау – жолдың басы ғана. Ал сол арманға жету үшін көп оқып, тәртіпке бағынып, талмай еңбектенуге тура келеді.
"Егер шынымен армандайтын болсаң, өз арманыңнан қорықпа. "Бұл ерлердің мамандығы", "саған қиын болады" деген сөздерге қарама. Бірақ арманның өзі жеткіліксіз – көп оқу, тәртіп, еңбек және шыдамдылық қажет. Ең бастысы – өзіңе сену. Бір күні форма киіп, өзің армандаған тікұшаққа отырып, аспанға көтерілген кезде барлық еңбегіңнің бекер болмағанын түсінесің", – дейді Бибіхан Тұрысбекова.
Бүгінде Бибіхан – ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" мекемесінде Ми-8 тікұшағымен ұшатын үш қыздың бірі. Бір кездері авиацияға қызығушылығы мектеп қабырғасында басталған қыз қазір құтқару тікұшағымен адам өміріне араша түсуге аттанып жүр. Ал оның әр шақыртудан кейін аман оралуын үйде жақындары күтетіні де хақ.
Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды