Қазақстан атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын – Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануы туралы
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің көшін бастады. Ол бұл тарихи жетістігінен кейін Қазақстан атынан өнер көрсететінін мақтан тұтатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының ширек финалында Қытай өкілі Чжэн Циньвэньді жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Осы нәтиже оған WTA-ның live-рейтингінде бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Бұған дейін әлемдік рейтингтің көшін Беларусь теннисшісі Арина Соболенко 100 аптадан астам уақыт бойы бастап тұрған.
Матч үш сетке созылды. Алғашқы партияда Рыбакина 3:6 есебімен жеңілгенімен, екінші сетте ойынды толық өз қолына алып, қарсыласын 6:1 есебімен ұтты. Шешуші сетте қазақстандық теннисші маңызды брейк жасап, кездесуді 6:4 есебімен аяқтады. Қорытынды есеп – 3:6, 6:1, 6:4.
Жеңістен кейін Рыбакина әлеуметтік желіде тарихи нәтижеге қатысты пікір білдірді.
“Сенсең, бәрі мүмкін! Қазақстан атынан өнер көрсетіп, еліміздің атынан әлемнің бірінші ракеткасы атанып, тарих жазып жатқаныма мақтанамын”, – деп жазды теннисші.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Рыбакина бұл жетістікке дәл Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшы ретінде жеткенін ерекше атап өтті.
“Бұл – тарих. Қазақстан атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын. Қазақстанға қайтып келген сайын, қай қалаға барсам да, тенниспен айналысып жүрген балаларды көп көремін. Қазір теннис корттарына келетіндердің қатары да артып жатыр. Осыншама жасөспірімнің саған үлгі ретінде қарайтынын көру – ерекше сезім. Бұл сенсең, бәрі мүмкін екенін дәлелдейді”, – деді ол.
Спортшы тарихи жетістіктен кейін өзіне көптеген құттықтау келіп жатқанын, алайда әзірге олардың бәрін қарап үлгермегенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанға оралған кезде жанкүйерлеріне арнайы алғыс білдіргісі келетінін жеткізді.
“Қазір маған келген құттықтаулардың бәрін айтып беру қиын, өйткені телефонымды әлі қарап та үлгермедім. Әрине, құттықтап жатқандар көп. Қазір Қазақстанда емеспін, бірақ елге барған кезде барша жанкүйерге алғысымды міндетті түрде білдіргім келеді. Қазақстанға оралу мен үшін әрдайым ерекше сезім. Өкінішке қарай, елге жиі бара алмаймын. Дегенмен бұл – Қазақстан үшін де керемет жетістік деп ойлаймын”, – деді Рыбакина.
Осылайша Елена Рыбакина әлемдік теннис рейтингінде бірінші орынға көтерілген Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды.
"Өзімді қызбын деп шектеген емеспін": Қазақстандағы құтқару авиациясының жас ұшқышы қалай адамдарды құтқарып жүр
