Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда зейнеткер өгей ұлы мен келінін өлтірді деген күдікке ілінді

Оқиға орны
Фото: Видеодан скрин

Түркістанда қария өгей ұлы мен келінін өлтірді деген күдікке ілінді. Жантүршігерлік оқиға зейнеткердің үйінде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көршілерінің айтуынша, зейнеткер қылмыс жасағаннан кейін полицияға өзі барып берілген көрінеді. 

Қылмыс болған үйде бұған дейін ерлі-зайыпты қариялар тұрған екен. Соңғы бес айда әйелі төсекке таңылып, жанында жолдасы болды дейді көршілері. Науқас жары ажал құшып, онымен қоштасуға Қызылордадағы ұлы мен келіні келген екен. Жанжалдың бәрі жерлеуден соң басталған дейді тұрғындар.

“Пышақтаған деп айтып жатыр ғой. Анау шал екі адамды пышақтаған. Кемпірге қараған шал ғой негізі. Ешқандай зияны жоқ еді. Білмеймін. Сыртынан көретінбіз. Кіріп-шығып жүретін. Бұлай зияны жоқ адамға. Анау баласы келіп үйден шық дейді ма. Үйге талас болған ба сондай шығар”, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны. 

Көршілерінің сөзінше, қария өгей ұлы мен келініне пышақ сұққан. Содан кейін полицияға хабарласып, өз кінәсін мойындапты. Ал ерлі-зайыптылар жедел-жәрдем келгенше көз жұмған. 

“Кемпірінің жаназасынан келген соң шал келіні мен баласына ерегісіп шығар. Білмеймін, өлтіріп қойыпты, пышақтап. Біреуі далада жатыр. Біреуі іште жатыр дейді ғой кіргендер. Өзі қоңырау шалған. Абай көшесіне барып, екі адамды өлтіріп қойдым деп”, – дейді көршілерінің бірі. 

Куәгерлер қарияны полицейлер қамауға алып кеткенін де көріпті. Қанды оқиғаға қатысты полиция әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ. 

Еске салсақ, бұған дейін өгей әкесінен анасын қорғауға тырысқан 15 жастағы жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 28 Тамыз, 2026 20:57