Еркебұлан Тоқтар балағат сөз айтқаны үшін жазаланды
Атақты ММА спортшысы, блогер Еркебұлан Тоқтар балағат сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, прокуратура қызметкерлері әлеуметтік желілерден спортшының бейәдеп сөздер айтқан видеосын анықтаған.
Іс материалдарын Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қараған. Еркебұлан Тоқтар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оған 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салды.

Алматы прокуратурасы танымал болу жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
Еркебұлан Тоқтар – қазақстандық ММА файтері, актер әрі әлеуметтік желіде танымал блогер. Ол спорттағы жетістіктерімен және кинодағы рөлдерімен көпшілікке танылған.
Еске салсақ, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар блогер Маркизамен қарым-қатынасы туралы қауесетке нүкте қойғаны туралы жазған едік.