Қазақстандық ата-аналар оқушыларға түскі ас ішу үшін 1 сағат үзіліс беруді талап етті
Қазақстандық ата-аналар оқушыларға түскі ас ішу үшін 1 сағат үзіліс беруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда "Үлкен үзіліс" петициясы пайда болды. Петиция авторы – ана әрі нутрициолог Альмира Орлова мектеп оқушыларына түскі ас ішуге және демалуға толық 60 минут бөлуді сұрайды.
Оның айтуынша, қазір көптеген балаға тамақтануға небәрі 10-15 минут қана қалады. Үзілістің бір бөлігі асханаға баруға, кезекте тұруға және тамақ алуға кетеді. Соның салдарынан балалар тамағын дұрыстап ішіп үлгермей, сабаққа аш күйінде оралады.

Петиция авторы балалардың тамақтанып үлгеру немесе сабаққа уақытында кірудің бірін таңдауға мәжбүр екенін айтады. Ол Жапония мен Францияны мысалға келтіріп, бұл елдерде мектептегі түскі асқа жеткілікті уақыт бөлінетінін, ал балалардың денсаулығы мықты екенін атап өтті.
Егер петиция 50 мың қол жинаса, оған ресми мәртебе беріліп, мемлекеттік органдардың қарауына жіберіледі. Петицияның мақсаты – Қазақстандағы барлық мектепте оқу күнін ұйымдастыру тәртібін өзгерту.
Еске салсақ, бұған дейін депутат қазақстандық мектеп оқушыларына дұрыс амандасуды үйретуді ұсынғаны туралы жазған едік.