"Қатерлі ісікке күдік болды": Алматылық қыз EmirMed клиникасын анализ нәтижесін бұрмалады деп айыптады
Алматыда ота алдында анализ тапсырған қыздың креатинині 977 болып шыққан. Нәтижеден шошып кеткен ол анализді басқа клиникада қайта тапсырғанда, көрсеткіш 58,86 болған. Алғашқы нәтиже бойынша дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде медициналық талдау нәтижесіне қатысты шағым жарияланды. Threads қолданушысы Назерке құрбысына зертхана берген талдау қорытындысында креатинин көрсеткіші 977 болып көрсетілгенін жазды. Оның айтуынша, мұндай нәтижеден кейін құрбысы мен жақындары алаңдап, талдауды қайта тексерткен.
"Достар, мынау сұмдық қой! Құрбым операцияға дайындалу үшін EmirMed клиникасында анализ тапсырған. Алайда берілген қорытындыда креатинин көрсеткіші 977 болып көрсетілген. Осы нәтижені көргенде бәріміз қатты шошып кеттік. Құрбымның онкологияға күдігі бар еді, ал мұндай көрсеткішті көргеннен кейін жағдайы одан сайын қиындады. Үш күн бойы ұйықтамай, жылап шықты. Осындай қате үшін кім жауап береді? Адамның денсаулығы мен психологиялық жағдайына әсер ететін медициналық талдау нәтижесін қалайша қате көрсетуге болады?" – деп жазған автор.
Ал қағаздағы референстік көрсеткіш 44-80 деп көрсетілген. Автордың жазуынша, дәрігерлер бұл "өлім аузындағы адамның анализі" екенін айтып, нәтижені екі рет тексергендерін де жазып көрсеткен. Алайда күмән туындағаннан кейін пациент басқа зертханада қайта анализ тапсырған. Онда креатинин деңгейі 58,86 болып шыққан.

Айта кетейік, креатинин – ағзадағы бұлшықет жұмысы кезінде түзілетін қалдық зат. Оны негізінен бүйрек қаннан сүзіп, зәр арқылы шығарады. Сондықтан қандағы креатинин деңгейі бүйректің қалай жұмыс істеп тұрғанын бағалауға көмектесетін негізгі көрсеткіштердің бірі.
Әлеуметтік желіде Emir Med клиникасына қатысты бірнеше шағым мен жағымсыз пікір жарияланды. Қолданушылардың бірі клиникадағы гинекологқа қатысты онкологиялық күдікпен берілген анализ нәтижесі кейін басқа зертханада расталмағанын жазды. Тағы бірқатар қолданушы клиниканың қызмет көрсету сапасына күмән келтіріп, өздерінің жағымсыз тәжірибелерін бөліскен. Бұдан бөлек пікірлерде медициналық құжаттардағы жеке деректерді ашық жарияламауға шақырғандар да болды. Кей қолданушылар клиникаға сенімсіздік білдірсе, енді бірі EmirMed қызметіне кейінгі айда жүгінгенін және өзінде мәселе болмағанын жазды.
Редакция оқиғаға қатысты медициналық ұйымнан ресми түсініктеме алды. EmirMed аталған жағдайға қатысты ішкі тексеру жүргізді. Клиника өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желіде жарияланған талдау нәтижелері олардың зертханасында жасалмаған.
"Тексеруден кейін ақпаратта көрсетілген зертханалық зерттеулердің EmirMed зертханасында жүргізілмегені анықталды. Ақпаратта көрсетілген зерттеу нәтижесінің бланкісінде зертхана ретінде MyLab көрсетілген", – деп хабарлады Emir Med.
Пациенттің EmirMed медициналық ақпараттық жүйесінде тіркелмегенін және аталған пациенттің клиникада зертханалық зерттеуден өтпегенін мәлімдеді.
"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, EmirMed аталған зертханалық зерттеуді жүргізуге, ұсынылған зерттеу нәтижесін беруге және осы нәтиже бойынша пациентке консультация жүргізуге қатысы жоқ", – делінген клиника жауабында.
EmirMed өкілдері пациенттің дәл осы клиникаға жүгінгенін растайтын құжаттар редакцияда болса, оларды қосымша тексеру үшін жолдауды сұрады. Сонымен қатар Нусупбекова көшесі, 26/1 мекенжайында Emir Med-тен бөлек басқа да ұйымдар мен жалға алушылар жұмыс істейтінін атап өтті.
"Мінбердегі тартыс 7 сағатқа созылды": Нұрлан Оразалин Егемендік декларациясының қалай қабылданғанын айтып берді