Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алты-жеті рет пышақ сұғып алды": Алматыда Яндекс жүргізушісіне клиенттер шабуыл жасап, көлігін ұрлап әкеткен

Toyota Camry көлігімен такси қызметін ұсынған алматылық тапсырысын орындау кезінде клиент тарапынан шабуылға ұшырап, пышақ жарақатын алған. Онымен қоймай ұрылар жүргізушінің көлігін айдап әкеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 12 наурызға қараған түні Түрксіб ауданында болған. Жүргізушінің таныстары әллеуметтік желіде осы оқиға туралы айтып берді. 

"Яндекс Go қызметінен тапсырыс түсті. Клиенттерді әуежайға апару керек екен. Жүргізуші шақырған орынға келіп, чемодандар мен сөмкелері бар үш адамды көлікке отырғызған. Басында барлығы тыныш болған. Көлік шығыс айналма жолымен жүріп, кейін жүргізуші бағытын Бұқтырма көшесіне ауыстырған. 

Осы кезде экобекет маңына келгенде клиенттер жүргізушіден Нұршашқан шағынауданы арқылы жүруін сұраған. Олар жолда көлікті тоқтатуын өтініп, сол кезде клиенттердің бірі жүргізушіге 6-7 рет пышақ сұғып алған. Әрі қарай жоспарлағандарындай жүргізушіні сол жерде қалдырып, көлікті айдап әкеткен", - деп жазған әлецметтік желіде. 



Жүргізуші ауруханада жатыр, оның жағдайы қалыпты екені белгілі болды. Көлік пен қылмыскерлер әлі табылмаған. Бұл бірінші жағдай болмауы мүмкін екені айтылды.

Қалалық полиция департаменті өкілі бұл дерек Қылмыстық кодекстің 192-бабы 4-бөлігі бойынша (Аса ірі мөлшерде қару қолданып жасаған қарақшылық) тіркелгенін мәлімдеді. Қылмыскерлердің мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Түрксіб аудандық полиция бөлімі осы қылмыстық істі тергеп жатыр. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына қаланың криминалдық полиция қызметкерлері кірді. Олар күдіктілерді ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға байланысты тексеріс жүргізеді. Алматы ПД басшылығы тергеу барысын бақылауға алды", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.

Өз кезегінде Яндекс Go баспасөз қызметі оқиғаға пікір білдіріп, бұның “таңғаларлық жағдай” екенін атап өтті. 

“Біз жағдай туралы білгеннен кейін бірден жүргізушімен байланыстық. Алдағы уақытта да оны қолдауды жалғастырамыз. Команда біздің таксопарк серіктесімізбен сөйлесіп, оған көмектесуге дайын. Сондай-ақ, біз ресми сұрау бойынша құқық қорғау органдарымен ынтымақтасатын боламыз”, - деп атап өтілді компания хабарламасында.

Талқылау