Әнші Тейлор Свифт пен Трэвис Келси Нью-Йоркте шаңырақ көтерді

Әлемге әйгілі америкалық әнші Тейлор Свифт пен америкалық футболшы Трэвис Келси Нью-Йоркте жұлдыздарға толы салтанатты рәсімде некесін қиды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC News порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Салтанатты шара Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өтті. Ерекше рәсімді актер әрі әзілкеш Адам Сэндлер жүргізді. Жас жұбайлар дәстүрлі үйлену рәсімінен бас тартып, қалыңдықты құрбандық үстеліне оның ағасы Остин Свифт алып келсе, күйеу жігіттің куәгері ретінде оның ағасы, америкалық футболдың бұрынғы ойыншысы Джейсон Келси болды.
Жұп Christian Dior Haute Couture сән үйінің арнайы тігілген киімдерін таңдаған. Ал қалыңдық Cartier зергерлік әшекейлерімен сәнін келтірді.
Тойға актерлер Хью Грант, Брэдли Купер, әнші Эд Ширан, актриса Дакота Джонсон, модель Джиджи Хадиджәне басқа да танымал қонақтар қатысты. Қонақтар электронды шақырту алған кезде құпиялылық туралы келісімге қол қойған.
Жұп былтыр екі жылдық қарым-қатынастан кейін құда түскендерін жариялаған еді. Осыдан кейін олардың үйлену тойының өтетін уақыты мен орны туралы түрлі болжамдар кеңінен тараған болатын.
Айта кетейік, Тейлор Свифт әлемдегі ең ықпалды әншілердің бірі. Ол шығармашылық жолын кантри жанрынан бастап, кейін әлемдік поп-музыканың жұлдызына айналды. Әнші 14 мәрте "Грэмми" сыйлығын жеңіп алған және жуырда Spotify тарихындағы ең көп тыңдалған орындаушы атанды.
Еске салайық, бұған дейін режиссер Қуаныш Бейсектің екінші рет шаңырақ көтергенін жазған едік. Өнер иесі бұл қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, қалыңдығымен бірге түскен фото-видеоларын жариялаған болатын.