Ұлттық домбыра күніне орай 1500 ақтөбелік домбырашы қазақ композиторларының күйлерін орындады

Ұлттық домбыра күніне арналған ауқымды мерекелік концерт "Қазақ халқына мың алғыс" стеласы алдындағы алаңда өтті. Іс-шараға өңірдің жетекші шығармашылық ұжымдары, кәсіби музыканттар, ұлттық өнер шеберлері қатысты.
Мерекелік концерттің басты ерекшелігі біріккен оркестрдің кең ауқымдағы күй орындауы болды. Оның құрамына Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның А. Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, "Достық сазы", "Арайлы Ақтөбе" және "Серпін" фольклорлық ансамбльдері енді. Кәсіби музыканттармен бірге сахнаға шыққан 1500 домбырашы Құрманғазының "Балбырауын" және "Адай", Әбдімомын Желдібаевтың "Ерке сылқым", Айтқали Жайымовтың "Шалқыма" күйлерін орындады.
Концерттік бағдарламада Ғазиза Әбдірова, Нұрлан Әбдібеков, Ақбота Қоянбайқызы және Нұржан Қазиевтің орындауында халық әндері шырқалды.Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева мерекенің арнайы қонағы ретінде шақырылды. Қазақтың аспаптық музыкасын кеңінен насихаттап жүрген белгілі күйшінің орындауында көрермендер ұлттық өнердің үздік туындыларын тыңдады.

Концерттің қорытынды бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жайлау Асылханов, Нұркен Әшіров және "Құрмет" орденінің иегері Талап Хамзинмен бірге мерекелік күй тарту ұсынылды.
Бағдарламада қазақ халық аспаптар оркестріне лайықталған әлемдік классика мен заманауи музыкалық шығармалар да орындалды. Көрермендер Вольфганг Амадей Моцарттың "Түрік маршын", Карл Дженкинстің "Palladio" шығармасын, Зекинья де Абреудің "Tico-Tico" туындысын және Джек Финаның "Bumble Boogie" шығармасын тыңдады. Бұл туындылар домбыраның орындаушылық мүмкіндігінің мол екенін және оның әртүрлі музыкалық жанрдағы шығармалармен табиғи үндесе алатынын айқын көрсетті.
Ұлттық домбыра күні – ұрпақтарды тоғыстырған, қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрін ұлықтаған мереке. Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ұлттық болмыстың, ұрпақтар сабақтастығының және рухани бірліктің айшықты белгісі.