Психолог иттердің күйзелісті азайтып, бақыт гормондарының бөлінуіне ықпал ететінін түсіндірді

Иттер адамның күйзелісін азайтып, мазасыздық пен жалғыздық сезімін жеңілдетуге көмектеседі. Клиникалық психолог Станислав Самбурскийдің айтуынша, үй жануарымен қарым-қатынас кезінде ағзада окситоцин мен эндорфиндер бөлініп, эмоционалдық жағдай жақсарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Life.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Клиникалық психолог Станислав Самбурскийдің айтуынша, иттер күйзеліс, мазасыздық пен жалғыздықты жеңуге көмектеседі, ал кей жағдайда олардың қолдауы ең жақын адамдардың жанашырлығынан да әсерлі болуы мүмкін.
Психологтың сөзінше, психологияда "кореттеу" (корегуляция) деген ұғым бар. Бұл — адамның өздігінен емес, басқа тірі жанмен байланыс арқылы тынышталып, эмоциясын реттей алуы. Осындайда ит таптырмас серікке айналады.
"Адам жұмыстан шаршап, ашулы күйде келеді, күні бойғы жанжалдарды ойлап жүреді. Бірақ үйде оны қуана қарсы алған ит ештеңе сұрамайды, сынамайды. Ол тек иесін көргеніне қуанады. Сол сәтте адамның назары уайымнан қазіргі өмірге ауысады", – деді Станислав Самбурский.
Маманның айтуынша, итпен серуендеудің де пайдасы зор. Таза ауа, қозғалыс, жануармен байланыс адамның жүйке жүйесін тыныштандырып, мазасыз ойлардан арылуға көмектеседі.
"Ит адамды мазасыз ойлардан шығарып, дәл қазіргі сәтке қайтарады. Қарапайым серуеннің өзі эмоционалдық тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал етеді", – деді психолог.
Оның сөзінше, үй жануарымен қарым-қатынас кезінде ағзада окситоцин мен эндорфиндер бөлінеді. Бұл гормондар күйзелісті азайтып, адамға қауіпсіздік пен жақындық сезімін сыйлайды. Сондықтан итті сипаудың өзі мазасыздық пен жалғыздықты жеңілдетуі мүмкін. Мұндай тәсіл пет-терапия деп аталады. Ол дәрігердің көмегін алмастырмайды, бірақ психологиялық қолдаудың тиімді тәсілдерінің бірі саналады. Самбурскийдің айтуынша, ит адамның өзін-өзі бағалауына да оң әсер етеді.
"Итке сіздің қанша табыс табатыныңыз, қандай жетістікке жеткеніңіз маңызды емес. Оған сіздің қасында болғаныңыз ғана керек. Бұл адам психикасы үшін өте маңызды тірек", – деді ол.
Психолог мұндай шынайы байланыс әсіресе жалғыз тұратын, мазасыздыққа бейім немесе эмоционалдық күйзелісті бастан өткерген адамдар үшін аса маңызды екенін айтады. Оның тәжірибесінде 18 жыл бірге өмір сүрген иті қайтыс болғаннан кейін инсульт алған зейнеткердің оқиғасы да болған.
"Ол итінен айырылғанда жай ғана үй жануарынан емес, күн сайын өмірмен байланыстырып тұрған тірегінен айырылды. Ит оны серуенге шығарып, қамқорлық жасауға, өмірдің ырғағын сақтауға көмектесіп келген", – деді маман.
Психолог адамдарды "Жай ғана ит қой" немесе "Басқасын асырап аласың" деген сөздермен өзгенің сезімін жоққа шығармауға шақырады.
"Ит дәрігерді де, психологты да, адамдармен қарым-қатынасты да алмастырмайды. Бірақ ол күн сайын иесін маңызды адамдай қарсы алып, көпшілік көрсете бермейтін шынайы жылулық сыйлай алады", – деп түйіндеді Станислав Самбурский.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың қаңтарында Алматыда ит иесін пышақпен жасалған шабуылдан қорғаймын деп өлген еді. Оқиға кезінде күдікті мен ит иесінің арасында жанжал туындап, нәтижесінде жануар иесін денесімен қалқалап, пышақ жарақатын алған. Кейін полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.