Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ тәуелсіздігіне – 250 жыл: Тоқаев Трампты құттықтады

Тоқаев пен Трамп АҚШ
Фото: t.me/ruslanzheldibay

АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент құттықтауында Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігіне 250 жыл толуы – Америка халқының еркіндік, теңдік және әділдік қағидаттарына адалдығын айқындайтын тарихи мерейтой екенін атап өтті.

"Қазақ-америка қатынастарының қарқынды дамуына қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенімізді растаймын", – делінген мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа жауапты мемлекеттік қызметінде табыс, ал Америка Құрама Штаттарының халқына бақ-береке мен өсіп-өркендеу тіледі.

АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығы елдің әлемдік саясаттағы рөлін ғана емес, сыртқы саясаты мен халықаралық беделінің қалай өзгергенін де айқын көрсетеді. Мұндай тұжырымды DW.com әзірлеген материал авторлары жасайды.

1776 жылдың 4 шілдесінде Ұлыбританиядан тәуелсіздігін жариялаған АҚШ-тың кейінгі 250 жылда өзін демократия, адам құқықтары мен бостандықтарды қорғаушы мемлекет ретінде танытқан. Алайда бүгінде америкалықтардың өздері де елдің осы құндылықтарға қаншалықты адал болып қалғанына күмән келтіре бастаған. 2024 жылғы сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 72%-ы АҚШ демократиясы бұрын басқа мемлекеттерге үлгі бола алғанымен, соңғы жылдары осы мәртебесінен айырылғанын айтқан.

Сонымен қатар америкалық саясаттанушылардың зерттеуіне сүйене отырып, АҚШ соңғы 250 жылда әлемнің әртүрлі өңірінде 500-ден астам әскери интервенция жасағаны көрсетілген. Әсіресе 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін Вашингтон сыртқы саясатта дипломатиядан гөрі әскери күшке көбірек сүйене бастағаны атап өтіледі.

Мәліметтерге сенсек, қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін АҚШ-тың әскери операциялары Латын Америкасынан Таяу Шығыс пен Африка елдеріне қарай ойысты. Ал 2001 жылдан бері әскери араласулардың негізгі мақсаттарының бірі шетелдік саяси режимдерді сақтау, қалыптастыру немесе өзгертуге бағытталған.

Сонымен қатар материалда Вашингтонның экономикалық мүдделерін әскери емес, дипломатиялық жолмен ілгерілетуге де басымдық берген кезеңдері болғаны айтылады. Алайда соңғы онжылдықтарда АҚШ көпжақты халықаралық келісімдерден гөрі екіжақты келісімдерді жиі таңдауға көшкен. Бұл үрдіс әсіресе Дональд Трамп әкімшілігі кезінде айқын байқалған. Қазіргі АҚШ әкімшілігі халықаралық саясатта либералдық құндылықтарға емес, ең алдымен ұлттық экономикалық мүдделерге басымдық береді. Сонымен бірге елдің дипломатиялық аппаратына бөлінетін ресурстардың азаюы халықаралық аренадағы ықпалына кері әсер етуі мүмкін.

АҚШ-тың халықаралық беделінің де әлсірегені сөз болады. Pew Research зерттеу орталығының дерегіне сәйкес, америкалықтардың 62%-ы президенттің сыртқы саясаттағы шешімдеріне толық сенбейді. Ал Gallup сауалнамасы бойынша, АҚШ-тың әлемдегі орнына қанағаттанатын америкалықтардың үлесі 2002 жылғы 71%-дан бүгінде 38%-ға дейін төмендеген.

Сондай-ақ Alliance of Democracies ұйымының зерттеуіне сәйкес, соңғы жылдары АҚШ-қа деген оң көзқарас зерттелген 48 елдің тек үшеуінде – Израильде, Ресейде және Қытайда ғана жақсарған.

Еске салайық, бұған дейін 14 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампты туған күнімен құттықтап, Қазақстанның АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді. Президент жоғары деңгейдегі саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Шілде, 2026 12:36