Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы хайуанаттар бағында соңғы 20 жылда алғаш рет әлемдегі ең ерекше жануарлардың бірі төлдеді

Шайқағыш жанаттар
Фото: Алматы хайуанаттар бағының баспасөз қызметі

Алматы хайуанаттар бағында соңғы 20 жылда алғаш рет шайқағыш жанаттар төлдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы хайуанаттар бағы әкімшілігінің мәліметінше, Арчи мен Белла есімді шайқағыш жанаттар дүниеге үш күшік әкелген. Бұл соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде хайуанаттар бағында дүниеге келген алғашқы шайқағыш жанат төлдері.

Күшіктер 27 сәуірде туған. Алғашқы айларда олар анасымен бірге ұяда болып, сыртқа шықпаған. Белла төлдерін ерекше қамқорлықпен бағып, оларға ешкімді жолатпаған. Қазір күшіктер өсіп, өздігінен қозғала бастағандықтан, үлкен қоршауға шығып, айналаны қызығушылықпен зерттеп жүрген көрінеді. 

Әзірге күшіктердің жынысы анықталмағандықтан, есімдері де кейінірек қойылады.

"Шайқағыш жанаттардың жаңа туған күшіктерінің салмағы небәрі 60-70 грамм болады. Олар соқыр әрі саңырау күйде дүниеге келеді және алғашқы апталарда толықтай анасына тәуелді болады. Бұл кезеңде тек ана сүтімен қоректенеді. Қазір күшіктер біртіндеп ересек жануарлардың азығына үйреніп келеді. Рационында ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек және сүйікті сұлы ботқасы бар", – дейді "Жыртқыш сүтқоректілер" бөлімінің жетекшісі Гаухар Сергібаева.

Шайқағыш жанаттар отбасы хайуанаттар бағының керіктер экспозициясына қарама-қарсы орналасқан жыртқыш аңдарға арналған "Леопард" аймағындағы ең шеткі қоршауда мекендейді.

Алматы хайуанаттар бағы келушілерді жаңа туған жанат күшіктерін тамашалауға шақырып, жануарлардың тыныштығын сақтау олардың денсаулығы мен қалыпты өсіп-жетілуі үшін аса маңызды екенін еске салды. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында сирек кездесетін жануарлардың бірнеше жұбы төлдегені туралы жазған едік. Көктемгі төлдеу кезеңінде аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурлардың балалары дүниеге келді.

Дана Русланқызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 21:15