"45-тен 850 теңгеге дейін": Қазақстандық сатушылар мен өндірушілер су бағасының неге қымбат екенін түсіндірді

Өндірушіден 45 теңгеге шығатын жарты литрлік су тұтынушыға жеткенше бағасы 850 теңгеге дейін өседі. Бағаның мұнша қымбаттауына не әсер ететініне сатушылар мен өндірушілер жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сатушы Әсем Ақылбекованың айтуынша, дүкендер су бағасын өз бетінше көтермейді. Бағаның өсуі көтерме жеткізушілердің белгілейтін құнынан басталады.
"Бізге өнімді әртүрлі жеткізуші компаниялар әкеледі, біз тікелей солармен жұмыс істейміз. Келген бағаға су өнімдеріне 20 пайыз, ал май, сүт, қант сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15 пайыз үстеме қосамыз. Үстемеақының мөлшері осыдан аспайды. Бағаны өзіміз реттей алмаймыз. Жеткізушілер бағаны шамамен әр үш-төрт ай сайын көтереді, ал соңғы уақытта арзандаған кезі болған жоқ. Мысалы, бізге жарты литр су 200, 220 немесе 240 теңгеден келеді. Ең төменгі көтерме баға – 200 теңге. Соған 20 пайыз үстеме қосып, тұтынушыларға 280–300 теңге аралығында сатамыз", – дейді Әсем Ақылбекова.
Сатушылардың айтуынша, көтерме жеткізушілер өнім бағасына логистика, қоймада сақтау және тасымалдау шығындарын қосады.
Ал су өндіруші компанияның өкілі Гүлнұр Әжетованың сөзінше, бөтелкедегі судың өзіндік құнында судың өзінен гөрі қаптама материалдарының үлесі басым.
"Жарты литр судың өзіндік құнына пластик бөтелке, қақпағы, заттаңбасы, ішіндегі су, өндірістік желінің электр энергиясы және басқа да өндірістік шығындар кіреді. Оған қоса логистика шығындары да есептеледі. Осы шығындардың барлығын қосқанда, жарты литр судың зауыттан шығу бағасы шамамен 45 теңгені құрайды. Зауыттағы баға мен тұтынушы сатып алатын баға екі түрлі. Сондықтан бөлшек саудадағы қымбатшылыққа өндірушіні кінәлау дұрыс емес", – деді Гүлнұр Әжетова.
Өнімнің соңғы бағасына өндіріс шығындары, қаптама, логистика, көтерме саудадағы үстемеақы және бөлшек сауда желілерінің қосатын маржасы әсер етеді. Ал тұтынушылар баға қалыптастыру тізбегіне бақылауды күшейтіп, негізсіз үстемеақыларға жол бермеу қажет деп санайды.
Еске салайық, бұған дейін үкімет вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерде су тапшылығын болдырмау үшін Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарына су тұтыну лимиттерін бекіткен еді. Министрлік бұл шара су қорын тиімді пайдаланып, егін суару маусымында тапшылықтың алдын алуға бағытталғанын мәлімдеген.