"Жалақысының жартысын азық-түлікке жұмсап отыр": Депутат халық табысының төмендегеніне алаңдады

Депутат Асхат Рахимжанов қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығыны табысының 52%-ына жеткенін айтып, мұны “тұрақтылық емес, өмір сүру үшін күрес” деп бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат мұны парламенттің бірлескен отырысында айтты.
“Азық-түлік бағасы 13,5% қымбаттады. Соның салдарынан халықтың жалпы шығыны ішінде тамаққа жұмсалатын қаржының үлесі 52%-ға жетті. Егер отбасы табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсаса, бұл тұрақтылықтың емес, күнкөрістің қамы”, – деді депутат.
Оның айтуынша, халықтың номиналды жалақысы өскенімен, инфляцияны есепке алғанда нақты табыс 3,2%-ға төмендеген. Асхат Рахимжанов шенеуніктердің жұмысы нәтижеге емес, бюджет қаржысын игеруге бағытталғанын айтты.
“Әкімдіктер есепте бәрі жақсы көрінетіндей өздеріне қолайлы жағдай қалыптастырып алды. Ал Абай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары әлеуметтік жәрдемақыларының үштен бірін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мұндай саясат елді әлеуметтік дағдарысқа алып келеді деп есептейді. Бізге түбегейлі өзгерістер қажет”, – деді депутат.
Сонымен қатар Асхат Рахимжанов партия ең төменгі жалақы мөлшерін (ЕТЖ) көтеруді талап ететінін айтты. Бұдан бөлек, ол тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін тоқтатуды талап етті.
“Тарифті инвестицияға айырбастау” саясаты халықтың кедейленуі есебінен жүргізілмеуі тиіс”, – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов қазақстандықтар азық-түлік алу үшін және күн көру үшін несие алуға мәжбүр екенін мәлімдеген еді.
"Төсеме деп айтқаным үшін әкемнен сөз естідім": Қазақстандықтар етеккір туралы айтуды "ұят" көретіндерді сынады
Оқыңыз