Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бектенов экономика өссе де халықтың табысы төмендеуін инфляциямен байланыстырды

шенеунік
Фото: Коллаж Stan.kz

Сенат депутаты Сергей Карплюк премьер-министр Олжас Бектеновтен экономика өсіп жатқанымен, халықтың нақты табысы неге азайғанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат сауалды парламенттің бірлескен отырысында қойды. 

“Егер экономика өссе, неге Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес халықтың нақты табысы 2%-ға төмендеді, ал инфляция 12%-дан асты? Үкімет бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?”, – деп сұрады депутат.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет экономикалық өсімді өз алдына мақсат емес, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудың құралы ретінде қарастыратынын айтты.

Оның сөзінше, өткен жылы экономика қарқынды дамығанымен, елде инфляциялық қысым жоғары болды.

“Инфляция шарықтау кезеңінде 12,9%-ға жетті. Қазір Үкіметтің, Ұлттық банктің және басқа да мемлекеттік органдардың қабылдаған шараларының нәтижесінде бес айдың қорытындысы бойынша инфляция 10,4%-ға дейін төмендеді. Жақын уақытта оны 10%-дан төмен деңгейге түсіруді жоспарлап отырмыз”, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, жоғары инфляция салдарынан халықтың номиналды табысы артқанымен, нақты табысы жалпы экономика бойынша төмендеген.

Сонымен қатар ол кейбір салаларда халықтың табысы өскенін айтты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, сауда, байланыс, сумен жабдықтау және энергетика салаларында өсім тіркелген.

Сөз соңында Олжас Бектенов биыл халықтың нақты табысының өсуін қамтамасыз ету үшін қажет шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов қазақстандықтар азық-түлік алу үшін және күн көру үшін несие алуға мәжбүр екенін мәлімдеген еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 26 Маусым, 2026 11:25