Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда электрмобильді қай өңірде көбірек айдайтыны белгілі болды

электрмобиль
Фото: magnific.com

Елімізде электр көлігін тізгіндейтіндердің қатары қарқынды артып келеді. Бір жылдың ішінде электрмобиль иелерінің саны екі есеге жуық көбейіп, бүгінде Қазақстанда шамамен 25 мың электр көлігі тіркелген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Электрмобиль ең көп шоғырланған өңір Алматы қаласы. Мұнда елдегі барлық электр көлігінің 60 пайыздан астамы қатынайды. Одан кейін Астана қаласы мен Алматы облысы орналасқан.

Жалпы, электр көліктері Қазақстанның барлық өңірінде бар. Алайда олардың саны ең аз аймақтар – Ұлытау және Абай облыстары. Ұлытау облысында небәрі 41, ал Абай облысында 78 электрмобиль тіркелген.

Дегенмен таяуда елімізде BYD Destroyer 05 гибридті көлігін сатып алған жүздеген азаматқа қосымша кедендік баж салығын төлеу міндеттелді. Тексеру барысында бірқатар көліктің кеденде қате рәсімделгені анықталған.

 Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, тексеріс барысында 563 BYD Destroyer 05 гибридті көлігінің бір бөлігі кеденде нөлдік баж мөлшерлемесі қолданылатын кодпен рәсімделгені белгілі болған.

Көліктердің техникалық сипаттамалары қайта нақтыланғаннан кейін оларға 15 пайыздық кедендік баж салығы салынуға тиіс екені анықталды. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті 421 импорттаушыға қосымша төлем туралы хабарлама жолдаған.

Қазірдің өзінде 55 көлік иесі бюджетке жалпы 53 миллион теңге төлеген. Ал белгіленген мерзімде төлем жасалмаған жағдайда, салық органдары банк шоттары бойынша шығыс операцияларын уақытша тоқтатуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Ухань қаласында Apollo Go роботаксилерінің жүйелік ақауынан жүздеген жүргізушісіз көлік көшенің ортасында тоқтап қалған еді.Оқиға салдарынан жол қозғалысы қиындап, бірнеше жеңіл соқтығыс тіркелген. Полиция зардап шеккендер болмағанын мәлімдеді. Кейін компания ақауды жою жұмыстарын жүргізіп, оқиғаның нақты себебі тексеріліп жатқанын хабарлаған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Шілде, 2026 11:15