Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында егіз босанған әйел перзентханада көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр

Қарлығаш Отарбаева
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында 40 жастағы Қарлығаш Отарбаева кесарь тілігі арқылы егіз қызды дүниеге әкелгеннен кейін перзентханада көз жұмды. Марқұмның туыстары дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептесе, аурухана басшылығы өлімге өкпе артериясының тромбоэмболиясы әкелгенін айтып, қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарлығаш Отарбаева Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында мерзімінен бұрын егіз қызды кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелген. Алайда босанғаннан кейін көп ұзамай оның жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер әйелдің өмірін сақтап қала алмаған.

Марқұмның жақындары әйелдің ауруханаға дейін денсаулығына ешқандай шағымы болмағанын айтады. Олардың сөзінше, Қарлығаш ауруханаға жүктілікті сақтап қалу үшін түскен, ал кесарь тілігі туыстарының келісімінсіз жасалған.

Марқұмның анасы Дариха Отарбаеваның айтуынша, қызы отадан кейін хабарласып, жағдайының жақсы екенін жеткізген.
 

Біраз уақыттан соң қайта хабарласып, өзін реанимацияға алып кеткенін, жағдайының күрт нашарлағанын айтқан.

"Қызым палатаға шыққанын, бәрі жақсы екенін айтты. Кейін қайта хабарласып, "маған тромб болып тұр, жағдайым нашар, реанимацияға алып кетті, тез келіңіз" деді. Мен жеткенше дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмағанын айтты", – дейді анасы.

Марқұмның туыстары дәрігерлер науқастың жағдайын толық түсіндірмегенін алға тартады. Сондай-ақ олар әйелдің ұялы телефонынан кейбір жазбалар өшірілген болуы мүмкін деп күмәнданады.

Қарлығаштың әкесі Бекмұрат Отарбаев қызының телефонынан жад картасы жоғалып кеткенін айтып, мұның анықталуын талап етті.

Ал Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы басшылығы әйелдің медициналық мекемеге ауыр жағдайда түскенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, жүкті әйелде қан қысымы жоғарылап, мерзімінен бұрын босану қаупі туындағандықтан, оның өз келісімімен шұғыл кесарь тілігі жасалған.

Аурухана директорының орынбасары Гүлнұр Кенжебекованың сөзінше, операция сәтті өткен. Алайда кейін науқастың жағдайы кенеттен нашарлап, жүрегі тоқтаған.

"Науқастың өмірін сақтау үшін барлық қажетті реанимациялық шаралар жүргізілді. Өкінішке қарай, нәтиже болмады. Алдын ала клиникалық диагноз бойынша өлімге өкпе артериясының тромбоэмболиясы себеп болған. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, барлық материал сот-медициналық сараптамаға жолданды", – деді ол.

Қазір дүниеге келген егіз қыздар дәрігерлердің бақылауында. Ал марқұмның туыстары оқиғаның жан-жақты тергеліп, кінәлілер жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы Қарасай аудандық ауруханасында туғанына бес күн болған нәресте көз жұмған еді. Марқұмның туыстары сәбиді босану бөлімшесіне апара жатқанда жерге құлатып алғанын, соның салдарынан оның миына қан құйылып, кейін ота жасалғанымен аман алып қалу мүмкін болмағанын мәлімдеген. Ал Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеру мен медициналық көмектің сапасына ішкі аудит басталғанын айтқан.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Шілде, 2026 10:33