Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2645 адамға жетті

Венесуэладағы жер сілкінісі
Фото: © REUTERS / Leonardo Fernandez Viloria

Венесуэлада болған жойқын қос жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2645 адамға жетті. Мыңдаған адам жарақат алып, он мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Елдің Байланыс және ақпарат министрлігі табиғи апаттан 2645 адамның қаза тауып, 12 666 адамның жараланғанын мәлімдеді. Құтқарушылар үйінді астынан 6462 адамды аман алып шыққан.

Табиғи апат салдарынан 15 мыңнан астам адам баспанасыз қалған. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 59 уақытша лагерь ашылып, 86 мыңнан астам отбасыға гуманитарлық көмек жеткізілген. Сондай-ақ тұрғындарға азық-түлік, ауыз су және медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Үкіметтің мәліметінше, жер сілкінісінен жалпы 885 ғимарат зақымданып, оның 189-ы толық қираған. Апат салдарын жою жұмыстарына үш мыңнан астам шетелдік құтқарушы, жергілікті арнайы қызметтердің 29 мыңнан астам қызметкері және 25 мыңнан астам ерікті жұмылдырылған.

24 маусымда болған магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық қос жер сілкінісінен бері елде 890 афтершок тіркелген. Бұл соңғы 126 жылдағы Венесуэлада болған ең күшті жер сілкінісі саналады.

Еске салайық, бұған дейін Венесуэлада 1 шілдеден бастап жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Шілде, 2026 12:07