Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр Жұлдыз Сүлейменованың үстінен президентке ұжымдық арыз жолданды: Құжатта не жазылған?

Жұлдыз Сүлейменова министр
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен президент атына жолданған ұжымдық арыздың мәтіні жария болды. Өздерін министрліктің қазіргі және бұрынғы қызметкерлеріміз деп таныстырған авторлар министрдің қызметінен кетуін сұрап, министрліктегі кадрлық саясатқа, басқару стиліне және жұмыс ахуалына қатысты бірқатар сын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Democrat.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Редакцияның қолына түскен құжатта арыз авторлары өздерін Оқу-ағарту министрлігінің қазіргі және бұрынғы қызметкерлері ретінде таныстырады. Құжатта министрлікте моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлағаны, қызметкерлерге қысым көрсетілетіні және кадрлық шешімдерге байланысты наразылық бар екені айтылған.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізге Конституцияның, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің сақтаушысы ретінде жүгініп отырмыз. Сізден Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінде қалыптасқан аса күрделі жағдайға ерекше назар аударуыңызды сұраймыз. Бүгінде бұл жағдай министрлік пен оған қарасты ұйым қызметкерлерінің арасында үлкен алаңдаушылық туғызатын деңгейге жетті. Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова министр болып тағайындалғаннан бері ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал күрт нашарлады. Бұрын өзара сыйластыққа, ынтымақтастыққа және сенімге негізделген кәсіби орта орнына тұрақты психологиялық қысым, белгісіздік және қызметкерлердің кәсіби болашағына деген қорқыныш қалыптасты. Министр қызметінің алғашқы күндерінен бастап ұжым басшылық құрамын қудалау және қызметкерлерді үнемі психологиялық қысым жағдайында ұстау әрекеттерін байқады. Министрдің басқару стилі ерекше алаңдаушылық туғызады. Аппараттық кеңестер мен жұмыс кездесулері кезінде құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық ұйым басшыларына дауыс көтеру, эмоциялық қысым жасау, көпшілік алдында орынсыз әрі ар-намысын қорлайтын түрде сын айту жағдайлары жиі кездеседі", – делінген құжатта.

Жұлдыз Сүлейменова жазылған арыз
Фото: Democrat.kz

Құжатта мұндай қарым-қатынас ұжымның моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, басшылыққа деген сенімді әлсіретіп, қорқыныш пен тұрақты күйзеліс атмосферасын қалыптастырады. Қызметкерлер мұны өздерінің кәсіби абыройы мен қадір-қасиетін қорлау ретінде қабылдайды деп жазылған.

"Сонымен қатар министрдің кадрлық саясаты да үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Ол құрылымдық бөлімшелер мен министрлікке қарасты ұйымдардың басшылық құрамын жүйелі түрде қысымға алып, жұмыстан босатумен сипатталды”, – делінген құжатта.

Арыз
Фото: Democrat.kz

Құжатта министр қызметіне келгеннен кейін жұмыстан босатылғандар ретінде мыналар көрсетілген:

  • бұрынғы вице-министр Ахметжанов А.С.;
  • бұрынғы аппарат басшысы Әбілмәжинов Т.Т.;
  • бұрынғы Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Шакаева Г.С.;
  • бұрынғы Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Мұханбетов А.Г.;
  • бұрынғы Персоналды дамыту және басқару департаментінің директоры Құдияров Н.М.;
  • бұрынғы Ішкі аудит департаментінің директоры Есжанов Ч.Т.;
  • бұрынғы Бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Рахметова Ж.И.;
  • бұрынғы Инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Мусабаев А.Н.;
  • бұрынғы Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры Калиева Н.М.;
  • бұрынғы Цифрландыру департаментінің директоры Азатбеков Қ.;
  • Орта білім комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Чокушева А.И.;
  • Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бұрынғы президенті Аюбаева Н.А.;
  • "Өрлеу" Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының бұрынғы президенті Шәлібекова А.С.;
  • Ахмет Байтұрсынұлы атындағы "Талдау" ұлттық білім сапасын бағалау орталығының бұрынғы президенті Аманғазы М.З.;
  • "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының бұрынғы директоры Тұрсынов Г.К.;
  • Инклюзивті білім беру ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бұрынғы директоры Бутабаева Л.А.;
  • "Talap" коммерциялық емес акционерлік қоғамының бұрынғы президенті Тәтібеков С.М.;
  • Персоналды дамыту және басқару департаменті директорының бұрынғы орынбасары Досымбетов А.А.;
  • Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының бұрынғы орынбасары Есенжаров А.А.;
  • министрдің бұрынғы баспасөз хатшысы Төлеміс Ж.Ұ.;
  • Кадрлар басқармасының бұрынғы басшысы Кожина Б.С.;
  • сондай-ақ басқа да көптеген қызметкерлер.

Сонымен қатар қазіргі таңда жұмыстан босату туралы өтініштерге қол қойылғаны айтылған.

Олар:

  • Оқу-ағарту министрлігіне қарасты "Абай ұлттық мектебі" РММ директоры Қайрат Манатбекұлы Мұқашев;
  • Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы президентінің орынбасары Анар Шымболатқызы Танибергенова;
  • Тәрбие жұмысы департаментінің директоры Ерлан Болатұлы Қалмақов;
  • Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Бүлбүл Ораққызы Елеусинова.

Сонымен қатар қазір тәртіптік жаза алған және жұмыстан босатылу қаупі төніп тұрған қызметкерлер де бар. Арызда олардың қатарында мыналар көрсетілген:

  • А.Т. Маусымбаева – Бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры;
  • З.А. Махсутова – Орта білім комитеті төрағасының орынбасары;
  • Г.Х. Искакова – Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры;
  • А.Б. Қасымова – Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры;
  • Г.С. Жүнісова – Орта білім комитеті төрағасының орынбасары;
  • М.Б. Маралбаева – Цифрландыру департаменті директорының орынбасары;
  • А.Т. Дүйсембаева – Педагогтердің кәсіби даму басқармасының басшысы;
  • С.А. Ибраева – Департамент директорының орынбасары;
  • А. Шайзада – Бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары.

Сондай-ақ арызда жұмыстан шығаруға әкелуі мүмкін қызметтік рәсімдерге тартылған басқа да көптеген қызметкер бар екені айтылған.

Құжат авторларының пікірінше, министр ұжымды біріктірудің орнына министрлікте тұрақты қысым мен толық бақылау атмосферасын қалыптастырған. Олар қызметкерлердің тіпті асханаға барып тамақтануға немесе буфеттен жеңіл ас ішуге қорқатынын жазады.

Арызда жұмыс көлемінің күн сайын кешкі уақытқа қарай көбейетіні, соның салдарынан қызметкерлер түнге дейін жұмыста қалуға мәжбүр болатыны көрсетілген. Сондай-ақ лауазымдық міндеттеріне кірмейтін бейресми тапсырмаларды орындау үшін демалыс күндері де жұмысқа шығуға мәжбүрлейді деген мәлімдеме келтірілген. Құжатта бұл жағдайдан министрлік аппаратының басшысы, кадр департаментінің директоры, режим жөніндегі кеңесші және әдеп жөніндегі уәкіл хабардар екені, алайда қызметкерлердің құқықтарын қорғау мен ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алу бағытында, арыз авторларының пікірінше, нақты шаралар қабылданбағаны жазылған.

Сондай-ақ министрдің бұйрықтар мен басқа да құжаттарға ұзақ уақыт қол қоймайтыны ерекше алаңдаушылық туғызатыны айтылған. Кейбір құжаттар 10 күннен астам уақыт қол қойылмай жатып қалады, кейін бұл жағдай қызметтік тексерулер жүргізуге және қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке, тіпті жұмыстан шығаруға негіз болады делінген. Ал қызметкерлер министрдің шешім қабылдау мерзіміне ешқандай ықпал ете алмайды.

Арызда министрліктің өзі мектеп директорлары мен білім беру ұйымдарындағы буллинг жағдайларын қарастырып, оған шара қолданғанымен, министрліктің ішінде де буллингке жол беріліп отырғаны айтылған. Авторлар бұл жағдай барлық деңгейде бірдей талап пен қағидаттардың сақталуына қатысты сұрақ туғызатынын жазады. Құжат авторларының пікірінше, құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық ұйымдардың басшыларын жаппай жұмыстан босату кәсіби кадрлық әлеуеттің әлсіреуіне, сабақтастықтың бұзылуына, басқару тиімділігінің төмендеуіне және қалған қызметкерлерге түсетін жүктеменің артуына әкелген.

Сонымен қатар бұрынғы қызметкерлер де қазіргі ұжыммен ынтымақтас екенін білдіріп, басқару тәсіліндегі мәселелерге, қызметкерлерге көрсетілетін қысымға және моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлауына алаңдайтынын жеткізгені жазылған.

Арызда министрліктің жаңа басшылық құрамын қалыптастыру және кейбір қызметкерлердің қысқа мерзім жұмыс істесе де марапатталуы жөнінде де сын айтылады. Құжат авторлары министрлікте "қол сұғылмайтындар" тобы қалыптасты деп есептейді.

Мысал ретінде 23 маусым күні "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік медалімен министрдің кеңесшілері Боранғали Дәулет Қанатұлы (7 ай жұмыс істеген), Нұржан (1 ай), Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Нұрлан Жарылхасынұлы Досжанов (6 ай), аппарат басшысы Айдос Сағатұлы Жолманов (5 ай) және Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Пардақұлқызы Есанова (5 ай) марапатталғаны көрсетілген.

Құжат авторлары министрлікте марапаттау мен кадрлық тағайындаулардың әділ жүргізілмегенін алға тартады. Олардың айтуынша, "Өрлеу" филиалдарына директорларды тағайындау кезінде біліктілік талаптары төмендетіліп, бұрын талапқа сай келмеген кандидаттар қызметке келген. Сондай-ақ арыз иелері уәкілетті органдарға жүгінуге қорқатынын, себебі мәселе объективті қаралмай қалуы мүмкін деп есептейтінін мәлімдеген. Осыған байланысты олар Президенттен арызда көрсетілген жайттарға тәуелсіз тексеру жүргізуді сұраған. Құжатта шұғыл шара қабылданбаса, министрліктегі жағдайдың ушығып, қызметкерлердің жаппай жұмыстан кету қаупі бар екені айтылған. Сондықтан арыз авторлары Президенттен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қызметінен босату мәселесін қарауды, өз пікірін айтуға дайын қызметкерлерді қысымнан қорғауды және министрлік жұмысын қалыпқа келтіру үшін қажетті шаралар қабылдауды сұрайды.

Құжат авторлары уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге қауіптенетінін, сондықтан Президентке тікелей хат жолдауға мәжбүр болғанын мәлімдеген. Олар арызда көрсетілген жайттарға тәуелсіз әрі жан-жақты тексеру жүргізуді сұраған.

Арыз иелерінің пікірінше, шұғыл шара қабылданбаса, министрліктегі жағдай одан әрі ушығып, қызметкерлердің жаппай жұмыстан кетуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты олар Президенттен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қызметінен босату мәселесін қарауды, қызметкерлерді қысым мен қудалаудан қорғауды және министрлік жұмысын қалыпқа келтіру үшін қажетті шаралар қабылдауды сұраған.

Құжат соңында авторлар бұл шаралар министрліктің тұрақты жұмысы мен кәсіби кадрлық әлеуетін сақтауға мүмкіндік береді деген үміт білдірген.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрлігі мектептерде БЖБ мен ТЖБ-дан кезең-кезеңімен бас тарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова егер бұл жүйе тиімсіз деп танылып, одан бас тартылатын болса, оны енгізуге жауапты болған шенеуніктер де жауапқа тартылуы тиіс екенін айтты.

Stan.kz
Сенбі, 04 Шілде, 2026 15:45