Арқа ауруы, миопия, диабет: Қазақстандағы жастар арасында қандай дерттер көбейді?

Қазақстандық жастар арасында арқа ауруы, көру қабілетінің нашарлауы, созылмалы шаршау, мазасыздық және екінші типті қант диабеті сияқты дерттер жиілеп барады. Мамандар мұны гаджеттерді ұзақ пайдалану, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау және ақпараттық жүктеменің артуымен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Астана тұрғыны, үшінші курс студенті Әделина Мангалдың айтуынша, әлеуметтік желілер мен интернетті ұзақ пайдалану ұйқының бұзылуына және күнделікті шаршауға әкеледі.
"Кей күндер болады жақсы ұйықтап, демалатын. Бірақ көбіне күнім онсыз да бос емес, соған қарамастан интернетті, әлеуметтік желілерді қолданамын. Ұйықтар алдында да телефон қараймын. Соның салдарынан ұйқым қанбайды, күні бойы өзімді шаршаңқы сезінемін. Кейде арқам ауырады, көзім талады. Ұйқы қанбаған кезде ашушаңдық, әлсіздік байқалады", – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, жастар арасында семіздік, зат алмасудың бұзылуы және екінші типті қант диабеті жиілеп келеді. Бұған қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау және дене белсенділігінің төмендігі әсер етеді.
Денсаулық сақтау министрлігі ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басшысының орынбасары Салтанат Назарова бұл мәселелердің жастар арасында жиілеп бара жатқанын атап өтті.
"Егер бұрын жоғары қан қысымы, артық салмақ немесе зат алмасудың бұзылуы көбіне егде жастағыларға тән деп саналса, бүгінде бұл мәселелер жастар арасында да жиі анықталып отыр. Ұлттық зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы ересектердің шамамен 59%-ның артық салмағы бар. Ал 5-9 жас аралығындағы әрбір бесінші балада артық салмақ анықталған. Сонымен қатар, ресми статистика бойынша соңғы 20 жылда елімізде қант диабетімен ауыратындар саны төрт еседен астам өсті. Бұл көрсеткіш балалар мен жасөспірімдер арасында да артып келеді", – деді Салтанат Назарова.
Дәрігерлер жастар арасында көру қабілетінің нашарлауы да жиілегенін айтады. Гаджеттерді ұзақ пайдалану салдарынан миопия, көздің шаршауы, құрғақ көз синдромы және аккомодацияның бұзылуы жиі кездеседі.
Офтальмохирург Жанель Тұмарбайдың сөзінше, бұл әлемдік деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр.
"Бұл тек жеке адамның немесе Қазақстанның мәселесі емес. Бұл бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесіне ортақ сын-қатер. Мамандардың болжамынша, алдағы жылдары әлем халқының жартысына жуығы миопиямен өмір сүруі мүмкін. Сонымен қатар жастар арасында көздің шаршауы, құрғақ көз синдромы және аккомодацияның бұзылуы жиілеп келеді. Гаджет қолданғанда адам сирек жыпылықтайды, соның салдарынан көздің жас қабығы буланып, құрғау, ашыту және көрудің уақытша бұлыңғырлануы байқалады", – дейді дәрігер.
Психологтар Яна Чигарькованың айтуынша, ақпараттың шамадан тыс көп болуы, әлеуметтік желілердегі қысым және оқу жүктемесі жастардың психикалық денсаулығына да әсер етіп отыр. Психология ғылымдарының кандидаты Яна Чигарькова қазіргі жастардың психикасына түсетін салмақтың артқанын айтады.
"Эмоционалдық жүктеменің артуы, үздіксіз бәсекелестік пен тұрақсыздық жастардың психикасын әлдеқайда сезімтал етті. Қазір дүрбелең ұстамалары, мазасыздық және антидепрессант қабылдайтын жастар көбейген. Қазіргі уақыттың адам психикасына, әсіресе әлі толық қалыптаспаған жас буынға түсіріп отырған қысымының қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Себебі адам миы мұндай көлемдегі ақпаратты қабылдауға бейімделмеген", – дейді маман Яна Чигарькова.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл қауіптердің басым бөлігінің алдын алуға болады. Ол үшін профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, экран алдында өткізетін уақытты шектеп, тұрақты түрде дене белсенділігімен айналысу қажет.
Еске салайық, бұған дейін мамандар бас ауруының алдын алу үшін жеткілікті ұйықтау, су ішу, күйзелісті азайту және тұрақты дене белсенділігін сақтау маңызды екенін айтқан. Сондай-ақ бас ауруы жиі қайталанса немесе күшейсе, өздігінен емделмей, дәрігерге қаралуға кеңес берген еді.