Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мелания Трамптың фильмі кассада сәтсіз шықса да, оған миллиондаған табыс әкелді

Мелания Трамп фильмі
Фото: Bild.com

АҚШ президенті Дональд Трамптың жарияланған қаржылық декларациясына сәйкес, бірінші ханым Мелания Трамп өзі туралы түсірілген деректі фильмнен 10,71 миллион доллар лицензиялық табыс тапқан. Сонымен қатар Трамптар отбасының криптовалюталық жобалары бір жыл ішінде 1 миллиард доллардан астам кіріс әкелген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі euronews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Amazon түсірген "Melania" деректі фильмі кинотеатрларда күткен нәтижеге жете алмағанымен, АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трампқа миллиондаған доллар табыс әкелді.

АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған қаржылық декларацияға сәйкес, Мелания фильм үшін 10,71 миллион доллар (шамамен 5,08 миллиард теңге) көлемінде лицензиялық сыйақы алған. Бұл оның декларациядағы ең ірі табыс көзі.

Құжатта сондай-ақ Мелания Трамптың "Melania" атты мемуарлық кітабынан 521 мың доллардан астам (шамамен 247 миллион теңге) табыс тапқаны және NFT мен басқа да коллекциялық өнімдерді сатудан 6 млн доллардан астам (шамамен 2,84 миллиард теңге) кіріс алғаны көрсетілген.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Мелания Трамп фильмге құқықты сатқаны үшін 28 миллион доллар (шамамен 13,27 миллиард теңге) алғанын хабарлаған еді.

Режиссер Бретт Рэтнер түсірген деректі фильм Дональд Трамптың Ақ үйге екінші мәрте оралуы алдындағы 20 күнді баяндайды. Алайда ауқымды жарнамаға қарамастан, фильмнің әлемдік кассалық түсімі 16,6 миллион долларды (шамамен 7,87 миллиард теңге) ғана болды.

Жобаға жұмсалған жалпы инвестиция 65,5 млн еуроны (шамамен 35,5 млрд теңге) құраған. Оның ішінде 35 миллион еуродан астамы (шамамен 19 млрд теңге) фильм құқықтары мен өндірісіне, тағы 31 миллион еуросы (шамамен 16,8 миллиард теңге) маркетингке бағытталған.

Премьерадан кейінгі алғашқы демалыс күндері фильм АҚШ-тағы 1778 кинотеатрда көрсетіліп, небәрі 7,04 миллион доллар (шамамен 3,34 миллиард теңге) жинаған. Енді Amazon жобаның шығынын Prime Video стримингтік сервисіндегі көрсетілім арқылы өтеуге үміттеніп отыр.

Сонымен қатар жарияланған 927 беттік қаржылық декларацияда Дональд Трамптың өткен жылғы жиынтық табысы 2,2 миллиард доллардан (шамамен 1,04 триллион теңге) асқаны көрсетілген. Президенттің кірісі жылжымайтын мүлік операцияларынан, лицензиялық келісімдерден, брендтік өнімдерден, сот келісімдерінен және отбасының криптовалюталық жобаларынан түскен.

Әсіресе криптовалюталық активтер қоғамда қызу талқыланды. Қаржылық есепке сәйкес, Трамптар отбасының криптовалюталық жобалары Ақ үйге қайта оралғаннан кейінгі алғашқы жылдың өзінде 1 миллиард доллардан астам (474 миллиард теңгеден астам) табыс әкелген.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың қаңтарында Дональд Трамп пен оның жұбайы Мелания Трамп өздерінің $TRUMP және $MELANIA мемкойндарын іске қосқан еді. Сол кезде $TRUMP бағасы бірнеше күн ішінде шамамен 7000%-ға, ал $MELANIA алғашқы сағаттарда 10 000%-ға дейін қымбаттап, криптовалюта нарығында үлкен резонанс тудырған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Шілде, 2026 16:43