Германияда аптап ыстықта суды үнемдеу үшін субұрқақтар өшіріліп жатыр

Рекордтық аптап ыстық пен ұзаққа созылған құрғақшылық Германияның Мюнхен қаласын суды қатаң үнемдеуге мәжбүр етті. Билік сәндік субұрқақтарды өшіріп, жасыл аймақтарды суаруды қысқартып, тұрғындарға су тұтынуды азайтуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі rbc.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Германияның Мюнхен қаласында рекордтық аптап ыстық, ұзаққа созылған құрғақшылық және жер асты сулары деңгейінің төмендеуіне байланысты билік суды үнемдеудің шұғыл шараларын қолға алды. Қала әкімдігі тұрғындарды ауызсуды барынша үнемдеуге шақырып, бірқатар шектеу енгізді.
Мюнхеннің ресми мәліметінше, соңғы апталардағы ыстық ауа райы салдарынан қала мен оның маңындағы елді мекендерде ауызсуға сұраныс күрт артқан. Ал жер асты суының қоры қосымша су алуға мүмкіндік беретін шекке дейін азайған.
Қала мэрі Доминик Краузенің айтуынша, мұндай жағдай Мюнхенде 1970-жылдардың басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр.
"Біз соңғы елу жылдан астам уақыт ішінде болмаған ерекше жағдайға тап болдық. Ұзаққа созылған аптап ыстық салдарынан суға деген сұраныс күрт өсіп, қаланың коммуналдық су жүйесі шекті мүмкіндігімен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан суды үнемдеу бойынша шұғыл шаралар қабылдаймыз", – деді қала басшысы.
Қазіргі уақытта қаладағы ауызсумен қамтамасыз ету тұрақты болғанымен, оның үздіксіз берілуін сақтау үшін су тұтынуға қатысты шектеулер енгізілді.
Атап айтқанда, суды ең көп пайдаланатын 150 сәндік субұрқақтың 10-ы уақытша өшіріледі. Сонымен қатар тағы 56 субұрқақтың жұмыс уақыты тәулігіне 14 сағаттан 10 сағатқа дейін қысқартылады.
Бұдан бөлек, қалалық жасыл аймақтарды суару азайтылады немесе уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ спорт алаңдары мен мектеп бассейндеріндегі су шығыны қысқартылып, муниципалдық көліктер мен әкімшілік ғимараттардың терезелерін жуу жұмыстары уақытша тоқтатылады.
Қала билігі тұрғындарға да бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, көгалдар мен бақшаларды суармау, бассейндер мен балаларға арналған шағын су айдындарын толтырмау, көлік жуу жұмыстарын кейінге қалдыру, ванна қабылдаудың орнына душқа түсу және тіс тазалағанда суды босқа ағызбау ұсынылды.
Айта кетейік, қазір Еуропаның бірқатар елінде аномальды ыстық сақталып отыр. Кей өңірлерде ауа температурасы 40 градустан асып, төтенше қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
Еске салайық, бұған дейін Францияда аптап ыстыққа байланысты бірқатар шектеу енгізілді. Парижде және 30-дан астам қалада ауа райына байланысты ескерту жарияланып, далада алкоголь ішуге тыйым салынды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін саябақтар түні бойы ашық қалдырылды. Қатты ыстық салдарынан пойыздар мен мектептердің жұмысына да әсер етіп, билік қосымша шаралар қабылдап жатыр.