Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америкадағы қазақ жастары "Біріккен Алаш" қорын құрған: Отандастарымыз бастаманың мақсаты туралы айтты

Америкада тұратын отандастарымыз Алаш зиялыларының идеясына негізделген "Біріккен Алаш" қорын Нью-Йорк қаласында заңды түрде құрған. Stan.kz тілшісіне қор құрылтайшыларының бірі – Ұланбатыр Бақытханұлы АҚШ-тағы өмірі туралы, Америкадағы қазақ жастары мен қор жұмыстары жайлы айтып берді.

Ұланбатыр Бақытханұлы Қазақтың тарихшы-ғалымы Нұрлан Кенжеахметұлымен бірге

Ұланбатыр Бақытханұлы – қазақтың ежелгі жері Алтайдың қазағы. Қытай халық республикасы Синьцзян аймағындағы Алатау ауданында туып өскен. Алтайдан мектепті қазақ тілінде бітіріпті. Ата-бабалары Шығыс Қазақстандағы Марқакөл мен Алтай тауларының арасын мекен еткен. Алдымен Қытайдың мұнай университетіне оқуға түскен. 2013-2014 жылдары Ресейдің Мәскеуінде И.М. Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ университетінде бір жылдық бағдарламамен алмасып оқыған.

 2015 жылы магистратура кезінде, Америкаға ең алғаш рет іс-тәжірибемен келген. 2017 жылы Қытайдан магистратура бітірген. Сол жылы Қазақстанға оралып, Қытайдың мұнай компаниясында жұмыс істейді. Қазір отбасымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып жатыр. 

Жұбайы Альмира Ерболқызы – Тарбағатайдың қызы. Ол медицина саласының маманы екен. Жапонияның Токио университетінде докторантурасын бітірген. Пандемиядан кейін АҚШ-қа көшіп келген. Ұланбатыр екеуі Нью-Йорк қаласында шаңырақ көтеріпті. 

Ұланбатырдың айтуынша, екі бірдей атасы Совет одағының жауы ретінде тұтқындалған. Олар Қарағандының түрмесінде болып, саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде танылыпты.

"2018 жылдың наурыз айында Америкаға екінші рет келдім. Содан бері Нью-Йорк қаласындамын. АҚШ-тың бір компаниясында риэлтор ретінде жұмыс істеймін. Агенттің лицензиясымен жұмысқа кірдім. Осылайша, екі жылдай уақыт үйді жалға беру, сату бойынша көрсеткіш ұпай жинадым. 2022 жылы брокерлік лицензияға емтихан тапсырып, анкетам қабылданды. Қазір енді брокер ретінде жұмыс істеудемін. Америкаға келген соң, мамандығым өзгерді. Бизнесті үйренсем деген ниетім де болды. Мұнда бизнестің көбі үй саудасына қатысты", – дейді Алтайдың тумасы. 

Кейіпкеріміздің сөзінше, “Біріккен Алаш қорының” негізгі идеясын алаш арыстарынан алған. "Алаш" атауын қаз-қалпында алуды өте ауыр болады деп шешкен. 

"2019 жылы 11 желтоқсанда Нью-Йорк қаласында қазақ жастарының құрылтайы өтті. Сонда топтық зияткерлік тақырыбында арнаулы баяндама жасадым. Сол сәтте қазақ жастарының құрылтайында "Біріккен Алаш" қорын құру туралы ойымызды ортаға салдық. Қорды 2022 жылдың 26 сәуір күні заң жүзінде тіркедік. Ыбырай Алтынсарин айтқандай, "Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық" дегендей, қазақ еліне қызмет етуді мақсат еттік.

Қор екі қайырымдылық және марапат бағыттарында жұмыс жасайды. Қорымыздың аясында кітап клубы да бар. Одан кейін кәсіп клубын бастадық. Бұларды құрудағы мақсат Ахмет Байтұрсынұлының "Басқадан кем болмау үшін, біз білімді және бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек" деген сөзін өнеге еттік. Осы ұлт ұстазының сөзі біздің идеологиямызға айналды", – дейді қандасымыз. 

"Біріккен Алаш" қоры (United Alash Foundation) шарада

Сөзінше, Америкада қоғамдық қор немесе ұйым құру үшін оның тетігін білетін арнайы мамандармен жұмыс істеуге тура келетіндігін жеткізеді.

"Білікті заңгерлер мен бухгартерлерден консультациялар алдық. Бізде қорды құрмай тұрып, көптеген ізденіс жасадық. Түптің түбінде қорды сәтті құрдық. Біз осындағы "Ислам орталығы" мешітінен қолдау таптық. Ислам орталығы бізді қолдағаннан кейін, қорымыз құрылған соң біз де өз қайырымдылық көмегімізді көрсеттік", –  дейді ол. 

Ұланбатырдың айтуынша, АҚШ адамзат тарихындағы орны 247 жылға аяқ басты дейді. Ол осы даму жолын тектен-текке келгемегендігін айтып өтті. 

"Кез келген халық Құдайдан қорықса, мықты халық болар. Діні басқа болса да, бұлар Құдайдан қорқады. Оны көріп жүрміз. Ислам дінінің де тамыры мұнда кеңінен жайылып жатыр. Нью-Йорктің өзінде 400-ден астам мешіт бар.  1789 жылы АҚШ конститутциясы толық қалыпқа түсіп қойды. Әлемдегі дамушы елдер батыс пен Америкаға қарап бой түзейді. Алаш зиялылары да мұны жақсы білді. 

Нью-Йорк қаласын әлемнің астанасы дейді. Әлемнің қаржы орталығы деп те атайды. Мұның барлығы да рас сөз. Нью-Йоркке әлемнің түкпір-түкпірінен жастар армандарын арқалап келеді. Мұнда әлемнің дарындылары мен білімділері жиналған. Әуежайынан шыққан соң, жерді сүйіп бүкіл далға сәлем беретін адамдар да болады. Жастардың көптігіне қарап, жастардың қаласы деп қаласыз. Әлемдегі ең қымбат қалалардың бірі. Өз қымбаттығына қарай несібесі де үлкен. Мұнда өмір сүру әркімге әрқалай. Құдай мен заңға мойынұсынып, адал еңбек еткен адамға Нью-Йорктен бір кісілік орын бар дер едім", – дейді АҚШ-тан отауын тіккен қазағымыз. 

Оның айтуынша, АҚШ-тағы қазақ жастары өте ұйымшыл екен. Мұндағы қазақтар қолдарынан келгенше бір-біріне жиі көмектесетін көрінеді. 

"Былтыр Нью-Джерси штатында кең көлемде Наурыз мерекесін атап өттік. Онда қазақ жастарының саны жылдан-жылға Америкада артып жатқандығын көрдік. Сонымен бірге, үлкен қалаларда қазақтың мәдени орталықтары да бой көтеріп жатыр. Хьюстон қаласында "Шаңырақ" қоры құрылған. Бостон қаласында "Мирас" қоғамдық қоры жұмыс істейді. Бәрі де қазақ мәдениетін дәріптеп, ана тілдің дамуына үлестерін қосуда. Филадельфия қаласында "Қазақ-Американ" орталықтары да құрылды. Нью-Йорк қаласында біз бармыз. Барлығы да жұмыстарын ақырындап бастап келе жатыр. АҚШ-тың әрбір жерінде қазақ жастарының орталықтары, қорлары немесе ұйымдары ашылып келеді. Мұның барлығы қазақ жастарының бірлігі мен бекемдігінің көрінісі", – дейді ол.

2017 жылы Алматыда Алаш орданың 100 жылдығы Ұлттық кітапханада атап өтілген екен. Сонда Алаш орданың мемлекеттік деңгейде атап өтілмегендігі де айтылыпты. Осы сұрақ кейіпкеріміздің көкейінде қалып қойған көрінеді. “Біріккен Алаш қоры” осындай ойлардың арқасында, еліне деген сағыныш барысында дүниеге келіпті. 

Алдағы жоспарларымыз бір Алланың еншісінде, одан кейін өзіміздің әрекетімізге байланысты деп білемін. Қайырымдылық және марапат жұмыстарын еліміздегі барлық өңірлерде жалғастырсақ дейміз. Тек қана Қазақстан ғана емес, әлемдегі барлық көмекке мұқтаж қазақ дисапораларына көмектессек дейміз", –  деді ол.

 

Қадірәлі САРЫПБЕК
 

Талқылау