Алматылықтарға баспана алу үшін тіркеу мерзімін 10 жылға ұзарту ұсынылды

Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қойылатын талаптарды өзгерту ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі LS порталына cілтеме жасап хабарлайды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми жауабында Алматы әкімдігі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына қатысатын азаматтар үшін тіркеу және тұрғын үйдің болмау мерзімін 10 жылға дейін ұлғайтуды ұсынған.
Қазір тіркеу мерзімі – 3 жыл, ал тұрғын үйдің болмау талабы 5 жыл. Сонымен қатар бастамашылар толық емес отбасылар үшін өтініш қабылдау талаптарын да қатаңдатуды ұсынған. Алайда министрлік бұл өзгерістерді қолдамаған.
Ведомствоның мәліметінше, тіркеу мерзімін 10 жылға дейін ұзарту азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін шектеуі мүмкін. Сонымен қатар министрлік тіркеу мерзімін 5 жылға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Мұндай көрсеткіш қазіргі тұрғын үйдің болмау мерзімімен сәйкес келеді. Тиісті өзгерістерді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамашылық еткен.
Ал тұрғын үйдің болмау мерзімін 5 жылдан 10 жылға дейін ұзарту ұсынысы да қолдау таппаған. Себебі бұл шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды жүйеден шеттетуі мүмкін. Қолданыстағы 5 жылдық мерзім жеткілікті деп танылған.
Толық емес отбасыларға қатысты өзгерістер де мақұлданбады. Министрлік бұл мәртебе тек кезектегі басымдыққа әсер ететінін, ал тұрғын үй кезегіне тұру құқығына жеңілдік бермейтінін атап өтті.
Айта кетейік, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу Отбасы банк платформасы арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Әрбір өтініш бойынша отбасының табысы, мүлкі және өзге де активтері ескеріліп, цифрлық портрет қалыптастырылады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің бірыңғай нормасын енгізу ұсынылды. Ұсынысқа сәйкес, бір адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын алаң қарастырылуға тиіс. Бір пәтерге тіркелетін адам санына қатысты шектеу тек Астана қаласында қолданылады. Ережеге сәйкес, әр адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын алаң қарастырылуы қажет. Егер бұл норма сақталмаса, тіркеуге рұқсат берілмейді. Билік бұл талапты елдің барлық өңірлеріне енгізуді ұсынып отыр. Мұндай шара жалған тіркеудің алдын алып, көші-қонды реттеуге бағытталған.
Оқыңыз