"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды

Түрме – өз алдына бөлек әлем. Онда жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектер әртүрлі тағдырмен келеді. Бірі өзін қорғаймын деп сотталса, енді бірі саналы түрде адам өлтірген. Темір тордың ар жағындағы өмірді сотталушылар "осы дүниедегі тозақ" деп сипаттайды. Түзету мекемесінде түзелетіндер де бар, тағдыры одан әрі бұзылып, жүйкесі тозатындар да кездеседі. Тіпті әйелдер арасында ер мен әйелдің рөлін бөлісіп, "отбасылық өмір" сүретіндер де бар екен. Stan.kz тілшісі әйелдер түрмесінде бірнеше жылын өткізген жандармен сұхбаттасты.
Фото: видеодан скрин
"Өзімді қорғадым"
Бұл келіншектің есімі – Жанерке, жасы 40-та. Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша 3 жылға сотталған. Алайда бір жыл жазасын өтеп, мерзімінен бұрын босап шыққан. Жанеркенің төрт баласы бар. Бірақ балалары анасының сотталғанын білмейді. Ол оларға өзін Кореяға жұмысқа кеткендей көрсетіп, балаларын енесіне тапсырған.
Күйеуі қайтыс болған соң, Жанерке баласын ертіп қалаға келіп, жатақханадан бөлме жалдап тұрған. Бір күні көрші бөлмедегі әйелді танысы мас күйінде ұрып-соғып жатқанын көреді. Араша түскен Жанеркеге де әлгі ер адам қол көтеріп, шашынан сүйреп сабайды.
Сол сәтте жанын қорғау үшін пышақ қолданғанын айтады.
"Күйеуім өмірімде маған қол көтерген емес. Ал ол жігіт ішімдік ішіп, бірдеңе шегіп алған сияқты. Мені шашымнан сүйреп, бетімнен ұрды. Кейін қолына пышақ алып, “сен мені өлтіресің, болмаса мен сені өлтіремін” деп жүгірді. Өзімді қорғау үшін бірінші болып пышақты сұғып қалдым", – дейді Жанерке.
Ол кейін өзі полиция шақырған. Бірақ сотта өзін толық ақтай алмағанын айтады.
"Менің қатты өкінетінім – бір жыл уақытым босқа кетті. Түрмеге болмайтын бір нашақордың кесірінен түстім. Шыққан соң қатты ашулы болдым. Кейін бәрін Құдайға тапсырдым. Қазір оның адам өлтіргені үшін іздеуде екенін естідім. Өмір – бумеранг", – дейді ол.
Фото: видеодан скрин
"Құрбыма бостандық сыйладым"
52 жастағы Светлана қасақана кісі өлтіру бабы бойынша сотталған. Оның айтуынша, құрбысының туған күніне барған күні бәрі өзгерген. Құрбысының күйеуі мас күйінде келіп, әйеліне қол көтеріп, қолындағы сәбиіне де соққы тигізген. Сол сәтте Светлана араша түсемін деп, пышақ алып ер адамды өлтіріп қойған.
"Бала бір жарым жаста еді. Әйелін ұрамын деп, баланы соғып жіберді. Мен оны итердім. Кейін маған ұмтылды. Мен пышақты алып, өлтіріп қойдым. Сараптама бойынша 8 рет пышақтаппын. Бірақ есімде жоқ. Мен өзімді қорғадым", – дейді Светлана.
Светлананың айтуынша, түрмеде отырғанда 37 жыл дос болған құрбысы бір рет те келмеген. Кейін бостандыққа шыққанда іздеп барса, құрбысы өмірінен өшіргенін айтыпты.
"Мен бостандығымнан айырылдым, бірақ құрбыма бостандық сыйладым. Ол оны түсінбеді", – дейді ол.
Фото: видеодан скрин
"Өз өмірімді өзім құрттым"
39 жастағы Екатерина да қасақана кісі өлтіру бабы бойынша сотталған. Достарымен ішімдік ішіп отырған кезде құрбысымен жанжалдасып қалады. Сөз соңы төбелеске ұласып, ашумен ас үй пышағымен өлтіріп қойған.
"Бәрі секунд ішінде болды. Не істегенімді аңғармай қалдым. Кейін түсіме кіріп жүрді. Оның әпкесімен сөйлестім, кешірім сұрадым. Ол кешірді", – дейді Екатерина.
9 жылға сотталған Екатерина жақында ғана бостандыққа шыққан.
"Өкінемін. Өз қолыммен өз өмірімді құрттым. Алты жылымды жоғалттым. Ол кезде 32-де едім, қазір 39-дамын. Адам өлтіргеніме өкінемін", – дейді ол.
Темір тордың ар жағындағы өмір
Фото: Видеодан скрин
Әйелдердің айтуынша, түрмеге алғаш түскенде адам не болып жатқанын түсінбей қалады. Көп жылайды, шындықты қабылдай алмайды.
"Түрмедегі өмірің бал болса да, бостандықтағы жаман өміріңе жетпейді", – дейді Екатерина.
Сотталған әйелдердің сөзінше, түрмеде түрлі қылмыс жасаған адамдар бірге тұрады: нашақорлар, алаяқтар, жемқорлар, адам өлтіргендер. Соның салдарынан түрлі жанжал мен ауыр жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті ер адам көрмеген әйелдер, жас қыздармен қарым-қатынасқа түседі екен.
"Мен түрмеге түскенде еркектер де бар екен деп ойладым. Сөйтсем, олардың бәрі әйел екен. Еркек атын қойып алады, бөлек жатады, бөлек жуынады", – дейді Жанерке.
Фото: Видеодан скрин
Светлананың айтуынша, әйелдер арасындағы қулық, көреалмаушылық, бір-біріне тұзақ құру жағдайлары жиі кездеседі.
"Әйелдер түрмесін жыландар үйірі деуге болады. Қулық, қитұрқылық көп. Бірде тексеріс кезінде біреу қалтама лас шұлық салып жіберді. Сол үшін төбелестім. Олар он адам болды, мен жалғыз болдым", – дейді ол.
Темір торға еті үйреніп, бірнеше рет қайта келетіндер де бар екен. Олар тамақ, жататын жер тегін болғандықтан, бостандықты емес тар қапасты таңдауды жөн көретін көрінеді.
Менің қасымда бір қыз алаяқтық бап үшін жазасын өтеп, бостандыққа шықты. Кейін араға көп уақыт салмай қайта келді. Демек, ештеңе түсінбеген. Менің қатты таңғалғаным, екі баласын жылағаны үшін өлтіріп, тоңазытқышта сақтаған келіншектің жайбарақат жүргені. Ол күнделікті темекісі, тамағы болса болды, өкініп жүрген жоқ, – дейді Жанерке.
Сұхбат берген әйелдердің барлығы жасаған ісіне өкінетінін айтты. Олардың айтуынша сот түрмеге қамағанымен, ешкім құдайдың сотынан құтыла алмайды дейді.
Фото:видеодан скрин
Реванш қоғамдық қорының өкілі Ольга Кислицинаның айтуынша, жазасын өтеп шыққан әйелдерді қоғамға қосу үшін бірқатар жұмыстар жасалып жатқанын айтады. Сөзінше, сотталғандардың жұмысқа орналасуы қиын көрінеді.
Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды