Алматыдағы мейрамханада қонақтарды құттықтау алапат өртке ұласа жаздады

Алматыдағы мейрамханалардың бірінде қонақтарды құттықтау кезінде пиротехникадан өрт шығып, келушілер арасында дүрбелең туындады. Куәгерлердің айтуынша, жалын санаулы секундта таралғанымен, қызметкерлер оны дер кезінде сөндіріп үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Алматыдағы танымал мекемелердің бірінде болған өрттің видеосы таралып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, оқиғаға пиротехниканы дұрыс пайдаланбау себеп болуы мүмкін. Threads әлеуметтік желісіндегі жазбаларға қарағанда, оқиға 29 сәуірге қараған түні болған.
Жазба авторының айтуынша, қызметкерлер зал ішінде шамдар мен фейерверктерді жаққан. Сол сәтте ұшқын төбедегі немесе қабырғадағы безендіруге тиіп, өрт тұтанған. Жалын өте жылдам таралған.
"Қызметкерлер шам мен фейерверк жақты. Бір сәтте ұшқын залдағы декорға тиіп, өрт шықты. Барлығы санаулы секундта болды, адамдар абдырап, дүрбелең басталды. Бақытымызға орай, өрт тез арада сөндірілді. Тағы бір минут болғанда, салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді", – дейді жазба авторы.
Бейнежазбадан жалынның безендіру элементтері арқылы тез таралғаны және қызметкерлердің өртті өрт сөндіргішпен сөндіргені көрінеді.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, көрсетілген уақытта бұл мекенжайға шақырту түспегенін хабарлады.
"Алматының төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері заңнамаға сәйкес тексеру шараларын жүргізеді. Сондай-ақ шағым немесе ресми өтініш түскен жағдайда, барлық мән-жай анықталғаннан кейін тиісті әкімшілік шаралар қабылданады", – делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Құтқарушылар азаматтар мен кәсіп иелерін өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Олар өрттің алғашқы белгілері байқалған сәтте дереу 101 нөміріне хабарласу қажет екенін еске салды.
Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.
Оқыңыз