Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "конвертпен айлық алып", алименттен жалтарғандарды ЖИ арқылы анықтайды

ЖИ алимент
Фото: Stan.kz

Мәжіліс депутаттары атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр. Депутат Магеррам Магеррамов алимент бойынша берешек мәселесін көтерді. Айтуынша, 2016 жылы алимент қарызы шамамен 2 миллиард теңге болса, бүгінде ол 18 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда 300 мыңнан астам бала үш айдан бері алимент төлемдерін ала алмай отыр, олардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Депутат мәселенің өзекті екеніне қарамастан оның әлі күнге дейін жүйелі шешімін таппағанын атап өтті.

“Үкімет қазір алимент қорын құруға дайын ба? Бұл қор салықтық емес түсімдерден, заңсыз алынған активтерді қайтару есебінен қалыптастырылатын арнайы мемлекеттік қордан құрылып, кейін борышкерден қаражатты регресс тәртібімен қайтару тетігі қарастырыла ма”, – деп сұрады Магеррам Магеррамов.

Оның бұл сауалына жауап ретінде Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков алимент қорын құру мәселесі қазір Үкіметте қаралып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл бойынша ұстаным Экономикалық блокпен, соның ішінде Қаржы министрлігі және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленеді.

“Дегенмен, цифрландыру бойынша бізге қатысты барлық жұмысты қазір толық орындадық. Енді біз мұны проактивті түрде жасағымыз келеді. Бұрын қызметкер ақшаны "конвертпен" алып, мысалы, 70 мың теңге жалақы алады деп көрсетіп, сол аз жалақыдан алимент төлейтін болса, қазір біз жасанды интеллект көмегімен оны анықтағымыз келеді. Мысалы, Астанада жұмыс істейтін инженер 200 мың теңгеден аз алуы мүмкін емес деген логика бар. Демек, ол қалған ақшаны, ықтимал, конвертпен алады”, – деді вице-министр.

Мұндай жағдайларда есепшілерге тексеріс болатыны туралы ескерту push-хабарламалар жіберуді жоспарланып отыр.

"Біз оларға хабарлама жіберіп, сіздің қызметкеріңіз білімі мен біліктілігіне сай өте төмен жалақы алып отыр деп айтамыз. Біздің ойымызша, қосымша ақшаны сіз конвертпен беріп отырсыз. Әрине, ешбір бухгалтер Салық комитетінің тексеріс келгенін қаламайды", – деп атап өтті Бекболат Молдабеков.

Бұған дейін Қазақстанда заңсыз алынған активтерді қайтару есебінен алименттік қор құру ұсынылған еді. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 12:34