Денсаулық сақтау министрлігі емханаларды қаржыландыру тәртібін өзгертті

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі емханаларды қаржыландыру тәртібі не себепті өзгергенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство бұрын емханалардың адам мүлдем қаралмаса да "бекітілген" адамдар санына қарай қаржы алатынын атап өтті. Нәтижесінде 4 миллионнан астам адам, яғни, 22%-ы нақты медициналық көмек алмағанымен, олар үшін қаржы бөлініп отырған.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл белгілі бір мәселелерге әкеліп соққан. Адамдар тек денсаулығы нашарлаған кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Салдарынан қазір емдеуге жатқызудың шамамен 10 жағдайының 7-еуі шұғыл түрде жүзеге асады, ал олардың бір бөлігін емхана деңгейінде алдын алуға болатын еді.
Енді бұл тәртіп өзгереді: егер адам бір жылдан астам уақыт емханаға жүгінбесе, оған бөлінетін тариф аздап төмендетіледі.
“Әңгіме жазалау туралы емес – емханалар қаржының негізгі бөлігін сақтайды. Өзгерістің мақсаты – медициналық ұйымдарды науқастармен белсендірек жұмыс істеуге ынталандыру: тексерулерге шақыру, скринингтерді еске салу, созылмалы ауруларды бақылау және жалпы пациентті назардан тыс қалдырмау. Осылайша науқастарға емханалардың назар аударуы күшейеді деген сөз. Адамдарды профилактикалық тексерулерге жиі шақырады, аурулар ерте анықталады, тиісінше емдеу жеңіл әрі тиімді болады”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Сондай-ақ бұл өзгерістер ауыр жағдайлар мен шұғыл емдеуге жатқызу жағдайларын азайтуға, стационарларға түсетін жүктемені төмендетуге және кезектерді қысқартуға мүмкіндік береді деп сендерді министрлік.
Медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында оларға нақты нәтижелер үшін қосымша төлем беріледі:
- Онкологиялық ауруларды;
- Туберкулезді ерте анықтау;
- Созылмалы ауруларды бақылау.
Яғни, жүйе біртіндеп формалды қызмет үшін емес, нақты нәтиже үшін төлеу моделіне көшіп жатыр.
Ведомство кейбір жекеменшік емханалар бұл өзгерістермен келіспей, табыстың азаюынан қауіптеніп, сотқа жүгінгенін де жасырмады.
Реформаның мәні: қаржы нақты медициналық көмек көрсетілген жерге бағытталуы тиіс, тек тіркелген адамдардың есебін жүргізіп, сол үшін мемлекеттен қаржы алу тәжірибесінен бас тарту.
Медицина қызметкерлеріне 2025 жылдың сәуірінен бастап еңбекақы төлеу моделі қайта қаралды: ана мен нәресте өлімін азайту, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, онкологиялық аурулар мен туберкулезді ерте анықтау сияқты нақты нәтижелерге байланысты төлемдер енгізілді.
“Бекітілген халықпен белсенді жұмыс жүргізілген жағдайда, бір учаскеге төленетін орташа қаржы көлемі тоқсанына 344 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін өсті. Бұл профилактикалық жұмысты күшейтуге және пациенттерді жүйелі бақылауға нақты ынталандыру болды”, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство бұл өзгерістердің барлығы ауруларды ерте анықтау, асқынуларды азайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру негізгі міндеттерге айналатын нәтижеге бағдарланған денсаулық сақтаудың жаңа моделіне көшу үшін жасалған қадам екенін атап өтті.