Депутаттар "Президент туралы" заңға өзгерістер енгізеді

Мәжіліс бірнеше конституциялық заң жобаларын қарауға кірісті. Олардың қатарында "Президент туралы", "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" және басқа да бірқатар заңдар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылы 15 наурызда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін парламент жаңартылған конституциялық заңдарды қарастыра бастады. Олардың қатарында "Президент туралы" заңға да өзгерістер енгізіледі. Заң жобасы заң шығару бастамасы тәртібімен президенттің арнайы Жолдауы арқылы мәжіліс қарауына енгізілген.
“Заң жобасы Қазақстан Республикасының Президенті мен Вице-президентінің құқықтық мәртебесін айқындайды. Құжат 8 тарау және 43 баптан тұрады”, – деді депутат Снежанна Имашева.
Оның айтуынша, Президент туралы заң жобасы республикалық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес әзірленген. Конституциялық заң жобасын Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында қарау үшін, әр палата арнайы комиссияға өз өкілдерін сайлауы қажет.
“Осыған байланысты заң жобасы бойынша бірлескен комиссияның құрамына Мәжіліс атынан депутаттар Әшімжанов, Ирубаев, Казанцев және Шапактың кандидатуралары ұсынылды. Сонымен қатар депутат Әшімжанов осы заң жобасы бойынша Мәжіліс атынан қосалқы баяндамашы етіп тағайындау ұсынылды. Айтылғандарды ескере отырып, заң жобасын жұмысқа қабылдап, аталған депутаттарды бірлескен комиссия құрамына сайлауды ұсынамыз", – деді депутат.
Мәжіліс депутаттары бірнеше маңызды заң жобаларын қарауға қабылдады:
- "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы";
- "Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы";
- "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы".
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау кезінде бір палаталы парламент құру туралы бастама көтерді.
Конституцияның 48-бабы 1-тармағында егер Президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса немесе қызметін атқара алмаса, оның өкілеттігі Парламент Сенатының Төрағасына өтетіні жазылған. Яғни, "екінші тұлға" мәртебесі Конституцияда тікелей Сенат төрағасына бекітілген. Енді сенат таратылса, президенттің қызметін Мәжіліс спикері атқарады.
Оқыңыз