Қазақстанда медицинада оқитын студенттер үшін 7 жылдық оқу моделін енгізу ұсынылды

Қазақстанда медициналық білім беру жүйесі қайта қаралуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрігерлерді даярлау мерзімін 6 жылдан 7 жылға ұзартуды ұсынып, оған міндетті бір жылдық практикалық интернатура енгізуді көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс отырысында педагог мәртебесі мен білім беру туралы заңдарға енгізілетін түзетулер аясында депутат Асхат Аймағамбетов медициналық білім беру жүйесін өзгерту туралы ұсыныс жасады.
Оның айтуынша, қазіргі жүйе бойынша медицина студенттері 6 жыл оқиды. Алайда бұл мерзімнен кейін түлектер бірден жұмысқа орналаса алмайды, себебі міндетті түрде 2-4 жылдық резидентурадан өтуі қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік гранттардың саны шектеулі болғандықтан, көп жағдайда жас мамандар оқуын ақылы негізде жалғастыруға мәжбүр.
Осы мәселелерді шешу үшін 7 жылдық оқыту моделіне көшу ұсынылды. Жаңа жүйе бойынша студенттер 6 жыл теориялық білім алып, қосымша 1 жыл медициналық ұйымдар базасында толыққанды практикалық интернатурадан өтеді.
Депутаттың пікірінше, бұл өзгеріс жас дәрігерлердің еңбек нарығына тезірек бейімделуіне және сапалы кадр даярлауға мүмкіндік береді.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Қазақстанда талапкерлерді бағалау жүйесін жетілдіру мәселесі соңғы жылдары жиі көтерілетінін жазған едік. Қазіргі Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы бойынша талапкерлер тестті бірнеше рет тапсыра алады, алайда сарапшылар оның тиімділігі мен мазмұнына қатысты сын айтып жүр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлердің білімін ғана емес, жеке қабілеттері мен дағдыларын да бағалайтын баламалы жүйе енгізуді қолға алды.