Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде берешегі бар азаматтарға үйден шығарардан 10 күн бұрын ескерту жасалады: Мәжіліс құжатты мақұлдады

борышкер
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаттары жеке сот орындаушылардың қызметін бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжатты депутат Дмитрий Колода таныстырды. Оның айтуынша, 2024 жылы жеңілдетілген өндіріс нормасы енгізілген. Соның нәтижесінде 2025 жылы борышкерлер 500 мыңға жуық құжатты өз еркімен орындап, 2,4 миллиард теңге үнемделген. Бұл тәртіп бойынша айыппұлдар мен берешектер 20 АЕК-ке дейін өндіріліп келген. Енді бұл шекті 40 АЕК-ке дейін ( 173 мың теңге) ұлғайту ұсынылды.

“Әділет министрлігінің өкілеттігін кеңейтеміз. Енді ведомство сот орындаушылары өндірілген қаражатты өндіріп алушыларға қандай мерзімде аударуға тиіс екенін нақты белгілейді. Сонымен қатар борышкерлерді үйден шығару туралы 10 күн бұрын міндетті түрде хабарлау нормасын енгіземіз. Бұл адамдарға алдын ала дайындалып, басқа баспана табуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, құжатта мәжбүрлеп орындату шараларының қолданылу мерзімі өтіп кетсе, оларды толық тоқтату нормасы да бекітіледі”, – деді депутат.

Сонымен қатар құжатта мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерден өндірілетін қаражат көлемін 25%-дан асырмау ұсынылған.

Заң жобасы жеке сот орындаушылардың қызметіне бақылауды күшейтуді көздейді. Тұрақты тексерістер енгізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою міндеті бекітіледі.

Құжатта бұдан өзге:

  • жеке сот орындаушыларды аттестаттаудан өткізу қарастырылған. Заңнама мен кәсіби әдеп кодексін білмеген жағдайда лицензиясынан айырылады;
  • көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі: соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылғандар бұл қызметке жіберілмейді;
  • әділет органдарының немесе өңірлік палатаның сұрауы бойынша сот орындаушысының шотындағы қаражаттың қалдығы мен қозғалысы туралы үзінді ұсыну міндеттеледі;
  • тыйым салынған мүлікті электронды сауда арқылы өткізу тәртібі өзгереді: өндіріп алушы аукционның кез келген кезеңінде мүлікті өзіне қалдыра алады, ал жеңімпаз төлем жасаудан бас тартса, сатып алу құқығы келесі қатысушыларға беріледі;
  • борышкердің жұмыс орны немесе басқа өңірдегі түзеу мекемесінде екені анықталған жағдайда, атқарушылық құжатты негізсіз басқа округке жіберуге тыйым салынады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді коллекторлық агенттіктер борышкерлерден түскен және қаралған барлық өтініштердің есебін жүргізетіні туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 13:32